×

Соғыстан шаршадық. Бірақ жерімізді ешкімге бермейміз! – Зеленский

Оның айтуынша, F-16 ұшағы мен ATACMS зымыраны келгенде жағдай мүлде басқаша болады

 Дастан Жұмабекұлы 05.11.2023 | 12:50
Фото: Global Look Press

Украина президенті Владимир Зеленский Қарулы күштердің қолбасшысы Валерий Залужныйдың The Economist журналына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді.

Еске салсақ, Залужный басылымда соғыс майданындағы жағдайдың өте қиын екенін, Батыс елдері уәде еткен қару-жарақтың уақытында келмесе, украин әскерінің тығырыққа тірелетінін айтқан болатын. Осыған байланысты Зеленский қолбасшы Залужныйдың пікірімен келісе бермейтінін, Украина елі соғыста басқыншыларды елден қуып шығу үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасайтынын айтты.

Иә, бәріміз адамбыз. Соғыстан шаршадық. Соғыстан әскер де халық та шаршады. Бірақ, жерімізді ешкімге бермейміз!, – деді ол.

Одан әрі ол майдандағы жағдайға қатысты өз ойын айтты.

Майдандағы жағдай соншалық жаман емес. Бірақ бір факт бар. Оны мойындаймыз. Ресей аспанды бақылап отыр. Сондықтан да Украина қарымта шабуыл операцияларында адам күшін сақтап, барлығын үйіп-төгіп жатқан жоқ. Ресей қазір Украина аспанын билеп отыр. Оларды әуе кеңістігінде жеңу үшін бізге F-16 ұшағы керек. Ондай шешім бар. Бізге F-16 келеді. Қазір ұшқыштар дайындалып жатыр. Біздің ұшқыштар дайындықтан өткен соң, F-16 келе бастайды, – деді ол.

Оның айтуынша, F-16 ұшағы мен ATACMS зымыраны келгенде жағдай мүлде басқаша болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама