×

Депутаттар зейнетақы жинағы бойынша шекті соманы қайта есептеп, кінәлілерді жазалауды талап етті

Мәжіліс депутаты кейінгі әдістеме ең төмен жалақыға негізделген, деді депутат Аманжан Жамалов

 Ербол Тұрымбет 15.12.2021 | 14:11
Аманжан Жамалов, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын пайдаланудың шекті сомасын есептеу әдістемесі «Зейнетақымен қамсыздандыру» туралы заңға сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Заңның 1-бабы 15-1-тармағына сәйкес, жеткілікті шек – ең төменгі зейнетақыдан төмен емес, ай сайынғы зейнетақымен қамсыздандыруға қажетті зейнетақы жинағының ең төмен мөлшері. Алайда әдістемеде көрсеткіш ретінде ең төмен жалақы (60 000 теңге) қолданылады. Осылайша әдістемеде шекті меже ең төменгі зейнетақыға (46 302 теңге) емес, ең төмен жалақыға негізделген. Бұл біліксіздіктен немесе саналы түрде жіберілген қателік. Осының салдарынан зейнетақы жинағының жеткілікті шегі орташа есеппен 64%-тен 83%-ке дейін көтеріліп отыр, - деді депутат.

Депутаттың айтуынша, егер шекті межені есептеу кезінде заңмен белгіленгендей ең төменгі зейнетақы қолданылса, жеткілікті шектің мөлшері 2021 жылмен салыстырғанда небәрі 9%-ға өсер еді. Ал, жаңа шекті мөлшер бойынша зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алатын қазақстандықтар саны 600 мыңнан 150 мыңға дейін, яғни төрт есе қысқарады.

Ең төменгі жеткілікті шекті есептеу міндеті БЖЗҚ құзыретіне кірмеуі керек. Мұнымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айналысуға тиіс. Өйткені олар әлеуметтік қамсыздандыру саласында саясатты жүзеге асыруға жауапты орган. Ал БЖЗҚ зейнетақы шоттарын ашу, зейнетақы жарнасын аудару, жинақтаушы зейнетақысын төлеу сияқты операторлық функцияларды жүзеге асыра алады. Бұл саладағы саясатты қандай да бір акционерлік қоғам емес, тек үкімет пен министрлік қана айқындай алады, - деді Жамалов.

Осыған байланысты депутаттар жеткілікті шекті есептеу кезінде ең төмен жалақы көрсеткішінен бас тартуды; 2022 жылға арналған шекті межені ең төмен зейнетақы мөлшерімен қайта есептеуді; жеткілікті шекті есептеу бойынша өкілеттікті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беруді ұсынды.

Бұған қоса, қызметтік тексеріс жүргізіп, жеткілікті шекті белгілеу әдістемесін әзірлеген жауаптыларды жазалауды талап етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама