×

IBA президенті Умар Кремлев Азиададағы төрешілердің жұмысын сынады (ВИДЕО)

Төрешілердің жұмысына көлденең көк аттылар араласып жатыр, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 24.10.2023 | 11:02
Фото: Facebook/Кеңес Рақышев/sportrbc.ru

Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлев Астанада бокстан жастар және жасөспірімдер арасында басталған Азия чемпионаты кезінде Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарындағы төрешілердің жұмысын сынға алды. Ол Atameken Business арнасына берген сұхбатында Азиададағы төрешіліктің өте нашар болғанын айтты.

Шынын айтқанда төрешілердің жұмысына менің де көңілім толмады. Мен сол үшін Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бахқа наразылығымды білдіріп, сауал жолдадым. Мәселе Халықаралық бокс федерациясының (IBF) төрешілігінде емес, төрешілердің жұмысына көлденең көк аттылардың араласып кететіндігінде. Мені осы мәселе қатты алаңдатты. Сондықтан Халықаралық Олимпиада комитеті өзінің жұмысын реттеп алу керек. Шаршы алаңда кімнің жеңетінін ХОК шешпеуі керек. Рингте шын мықты ғана жеңуі қажет, – деді ол.

Оның айтуынша, мұндай әділетсіздік Олимпиада мен Олимпиялық ойындарға іріктеу жарыстарында әлі де болып жатыр. Ал әлем чемпионатында әділетсіздік жоқ.

Біз төрешілік мәселесін шағым түсіру арқылы шешіп тастадық. Қазір әлем чемпионатында әділетсіздік атымен жоқ. Боксшылар шағым түсіре беру керек. Әділетсіз шешім шықса, бірден шағым жазу керек. Сонда ғана біз жекпе-жектің әділ бағасын аламыз, – деді Умар Кремлев.

Еске сала кетсек, биылғы Азиадада төрешілердің «бармақ басты, көз қысты» әрекетінен Қытайға медаль үшін барған талай боксшы жарыс жолынан шығып, жүлде ала алмай қалған еді. Соның ішінде Асланбек Шымбергенов те болды. Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы оның жартылай финалдағы жекпе-жегіне қатысты Халықаралық Олимпиада комитетіне наразылық білдірген болатын.

Бұл жекпе-жекте Асланбек Шымбергенов төрешілердің кесірінен жапон Севон Оказавадан жеңіліп, Азия ойындарында қола медаль алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама