×

Біздің немерелеріміз түрме салады – Ермек Тұрсынов

Белгілі режиссер Қазақстандағы мәдениет саласына төнген бірнеше қауіпті атады

 Халық үні 26.09.2023 | 10:38

Танымал режиссер, жазушы әрі кинодраматург Ермек Тұрсынов «Сұрауы бар» ютуб-арнасына берген сұқбатында Қазақстанда идеологияның жоқтығын, күш-жігердің тек жеке бас үшін жұмсалып жатқанын айтып кейіді.

Режиссердің айтуынша, елімізде әр саланың бағыты жылдан-жылға тұманданып барады. Оған түрткі болған – жұрт ішінде шалыс басқанға тоқтау айтып, адасқанды жөнге салатын ақсақалдардың жоқтығы деп санайды.

Біздің көне замандағы шалдарымыз – жеңімпаздар. Біз өзіміз жеңіліп қалдық. Өйткені біздің ата-бабаларымыз не салды? Үлкен қалалар салды, мазарлар салды, әдемі сәулет жасады. Біз не салдық? Супермаркет, базарлар салып жатырмыз. Көресіздер, біздің немерелеріміз түрме салады. Соған келе жатырмыз. Біздің болашағымыз бұлыңғыр, - деді режиссер.

Сондай-ақ, режиссер саясаттағы тұрақсыздық елдің өркендеуіне салқынын тигізіп жатқанын жасырмады. Бұл ретте режиссер жуырда ғана ақпарат бағытымен біріктіріліп, жаңа орган болып құрылған мәдениет саласын мысал етті.

«Бір жыл ішінде мәдениет министрі 3 рет ауысты. Олар ауыса береді, ауыса береді. Біреуіне енді үйреніп, енді түсінісе бергенде ауысып кетеді. «Бейбарыс» деген киноны түсіре алмай жүрмін. 20 жылдан бері айтып жүрмін. Сосын, біреуінің де кәсіби түрде мәдениетке қатысы жоқ. Мен білімді, экономиканы айтпай-ақ қояйын. Бұрынғы Өзбекәлі Жәнібековтер, Камал Смайыловтар қайда? Олар да шенеунік болған. Мысалы Камал Смайылов болмаса, біз «Қыз Жібек» киносын көрмейтін едік. Бұрын ол кісілер көзге көрінбейтін, қазір шенеуніктер бірінші қатарда отырады», - деді Ермек Тұрсынов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама