×

Ресей Қазақстан мен Балтық елдеріне қауіп төндіріп тұр - Зеленский

Шынын айтқанда, бізді терроршы мемлекеттің БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болып отырғаны таңқалдырады, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 20.09.2023 | 13:43
Фото: president.gov.ua

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебатта сөз сөйлеп, Қазақстанға қатысты мәлімдеме жасады. Ол өз сөзінде Ресейдің Қазақстан мен Балтық теңізі жағалауы елдеріне де қауіп төндіріп тұрғанын айтты.

Зеленский Ресейдің басқыншылық саясатын айыптап, оның  агрессиясының кесірінен Украина бір жарым жалдан астам уақыт өз жерлерін қорғап, соғысып жатқанын, Молдова мен Грузияның жарты территорияларынан айырылып қалғанын атап көрсетті.

Ресей әр он жыл сайын көрші елдерімен соғысады. Молдова мен Грузияның жерлері оккупацияда қалып отыр. Ресей Сирияны қирандыға айналдырды. Ресей Беларусьті жұтып жатыр. Беларусь жұтылып кетті десе де болады.  Сонымен бірге ол Қазақстан мен Балтық елдеріне қауіп төндіріп тұр, – деді Украина президенті.

Сондай-ақ ол БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен Украинаның тәуелсіздік алған кезде өзінде бар әлемдегі үшінші ядролық арсеналдан бас тартқанын, сол кезде әлем қауымдастығының Ресейдің ядролық арсеналын қалдыру туралы шешім шығарып, қатты қателескенін атап өтті.

Сол кезде біздің емес, Ресейдің ядролық арсеналын жою керек еді. Бұған біз енді ғана көз жеткізіп отырмыз, – деді Зеленский.

Одан кейін соғыс басталғалы Ресей Украинаның Қара теңіз бен Азов теңізіндегі порттарын бұғаттап тастағанын, Украинаның Дунайдағы порттары әлі күнге дейін Ресей дрондарының нысанасына айналып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазір Украина Қара теңізде уақытша дәліз ашып отыр. Сол арқылы жұмыс істеліп жатыр.

Жалпы дебатта Украина басшысы Ресейдің Мәскеудің азық-түлік дағдарысын қаруға айналдырғанын, басып алған жерлерді Ресейдің бөлігі деп тануға өзге елдерді мәжбүрлеп жатқанын айыптады. Осыған байланысты Зеленский Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамынан шығарып тастауға шақырды.

Шынын айтқанда, бізді Ресей сияқты терроршы мемлекеттің БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше болып отырғаны таңқалдырады. Бұл жерден терроршыларға орын болмауы керек, – деді ол.

БҰҰ Бас Ассамблеясында Зеленский G7 тобына мүше елдердің жетекшілерімен, Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысымен, Еуропалық кеңестің төрағасымен, Оңтүстік Африка Республикасы, Кения мен Израиль елдерінің басшыларымен кездесу өткізді. Содан кейін АҚШ Конгресінде болып, сөз сөйледі. Енді ол АҚШ президенті Джо Байденмен және Польша басшысы Анджей Дудамен кездеседі. Сонымен бірге Зеленский БҰҰ Бас Ассамблеясына Украинадағы соғысты тоқтатудың бейбіт жолын ұсынатынын мәлімдеді. Бұл отырысқа РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та қатысатын көрінеді.

Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы өтіп жатқанда Германия Федеративтік Республикасында елуге жуық елдің өкілдері қатысатын «Рамштайн» пішініндегі жиын болды. Онда АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин Құрама Штаттардың Украинаға жақын арада «Абрамс» танктерін беретінін айтты. Оның айтуынша, қазір америкалық танктер Еуропадағы бір елдің аумағына жеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама