×

Елімізде алғаш рет: Нобель сыйлығының иегері Шымкенттегі университетте сабақ береді

5-6 қазанда Астана қаласында дәстүрлі Нобель фестивалі өтеді

 Халық үні 13.09.2023 | 10:12

Nobel Fest негізін қалаушы, бас директоры Мақсат Құрбенов «Голос народа» YouTube арнасының қонағы болып, отандық университет басшыларына кеңесін берді.

«Біздегі отандық университет басшылары шетелдік студенттер мен профессорларды тарту мәселесін жиі айтады. Ендеше, олар Нобель фестиваліне келіп қатыссын. Ол жерге Нобель сыйлығының лауреаттары мен әлемдік ғалымдар қатысады. Азия елдерінің – соның ішінде Сингапур, Гонконг, Қытай университеттерінің белді ғалымдары келеді. Неге сол іс-шараға қатысып, ұсынысын айтып, серіктестік орнату жайын көтермеске?! Үнемі мемлекет қолдауына иек артып отыра беруге болмайды ғой.

Нобель фестивалі сол үшін өткізіледі. Қатысыңыз, ой қосыңыз, басқалардың пікірін тыңдаңыз, мықты спикерлермен байланыс орнатыңыз», - дейді Мақсат Құрбенов.

Nobel Fest негізін қалаушы Мақсат Құрбеновтың айтуынша, мұндай үрдіс басқа да отандық университеттерде жалғасуы керек.

Мәселен, біз отандық университеттерге Нобель сыйлығының лауреттарын штатқа алу мәселесін айттық. Бірақ ректорларға мұны түсіндіру өте қиын. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ұсынысымызды қабыл алды. Өңірдегі универлер білімге сусап отыр, оларға бұл керек. Қазір университет басшылығы мен ғалым бір келісімге келді. Қыркүйектен бастап бұл университетте Нобель сыйлығының иегері оффлайн режимде сабақ бере бастады. Тұңғыш рет. Алғашқы 3,5 айда оффлайн режимде, сосын тағы 4 ай онлайн режимде сабақ береді. Арнайы бағдарлама аясында корей ғалымдарын да шақырып, жасыл технологияға қатысты жобаны қолға алмақ.

Біз осыны еліміздегі іргелі университет басшыларына да айттық. Бірақ әзірге ешқайсы қолға алып жатқан жоқ. Бір күні бұл бастаманың керектігін олар да түсінеді, - деді сарапшы.

Еске салайық, биыл 5-6 қазанда Астана қаласында дәстүрлі Nobel Fest іс-шарасы өтеді. Форумда Нобель лауреаттары, Халықаралық компаниялардың басшылары, әлемдік новаторлар және қоғам көшбасшылары бірқатар маңызды тақырыпты талқылайды.

Биыл VI рет өткізілетін Нобель фестивалінің басты серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама