×

Жалдамалы пәтерді жастарға сатып алуға мүмкіндік беру керек – депутат

Бүгінде олар далада қалуы мүмкін

 Дәурен Ерболат 06.09.2023 | 13:40
фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Қазақстанда мемлекеттік бағдарлама бойынша жастарға жалға берілген пәтерлерді сатып алуға мүмкіндік беру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

2019 – Жастар жылында жұмысшы жастарға берілген жалдамалы пәтерлер бүгінде жастардың басты мәселесіне айналды. 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 мыңға жуықтады. Бұл аудан халқымен парапар екенін ескерсек, мәселеге назар аудару керек.

Бұл жастарға өз баспанасын алу үшін қаржы жинауға берілген үлкен мүмкіндік еді. Алайда Үкімет бұл бағдарламаны қабылдағанда өзге де факторларды ескеруді назардан тыс қалдырған сыңайлы. 2019 жылы баспана алған жастардың пәтерді босатуына да бір жылдан аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары», - деді Дәулет Мұқаев.

Оның айтуынша, 2019 жылы баспана алған жастар коронавирус пандемиясына тап болып, 42 500 теңгеге қарап қалған. Салдарынан үй алуға да ақша жинай алмаған. 

Бағдарлама алғашында 5 жылға берілсе, кейінгі жылдары 3 жылға тағы қысқарды. Бүгінде елімізде инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан жылға өсті.

Біріншіден, қымбатшылық қыспаққа алып, баспанаға қаржы жинаудан күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты.

Екіншіден, Жастар саясаты туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өсті. Сәйкесінше, үй алған жастар бүгін де жастар санатынан шықпады. 5 жылда балалы болған жастар қаншама? Олар шиеттей бала-шағамен қайда бармақ? Ал елде жастарға арналған бірыңғай мемлекеттік баспана бағдарламасы жоқ.

Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап отырған жастар басқа бағдарламаға қатыса алмаса, қалай баспаналы болады?

Төртіншіден, бүгінде Қазақстанда баспана алуға тиімді бағдарлама жоқтың қасы. Мен бұл мәселені бірінші сессияда да көтерген едім. «7-20-25» – аты бар заты жоқ бағдарлама. Ал Отбасы банк арқылы 50% бастапқы жарна жинау 5 жылда мүмкін де емес! 2019-2020 жылдардан бері нарықтағы үй бағасы 2 есе өсті», - деді Дәулет Мұқаев.

Сол себепті, ол осы факторларды ескеріп, жастардың тиімді жолмен баспана алуына жағдай жасауды ұсынды.

«Жастарға кемі 10%-дық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік  беру мәселелесін қарастыруды сұраймын және нарықтағы «Елорда, Алматы жастары» ипотекалық бағдарламалары секілді пайыздық мөлшерлемесі де 5%-дан аспауға тиіс», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама