×

Балалар омбудсмені Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді ұсынды

 Құқық қорғаушылар жауапкершілікке тарту үшін барынша сәйкес келетін баптарды қолдануға мәжбүр

 Айнұр Шошаева 02.09.2023 | 16:23
Фото: gov.kz

Қазақстан заңдарында күш көрсету мен қатыгездік танытуға байланысты әрекеттердің барлық нысанын қамтитын, олар үшін жауапкершілікті көздейтін жеке баптар жоқ. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгінде заңнамада күш көрсету мен қатыгездік танытуға байланысты әрекеттердің барлық нысанын қамтитын, олар үшін жауапкершілікті көздейтін жеке баптар жоқ. Құқық қорғаушылар жауапкершілікке тарту үшін барынша сәйкес келетін баптарды қолдануға мәжбүр. Осыған байланысты, біз қарау және талқылау үшін әзірленіп жатқан шаралардың қатарына Қылмыстық кодекске жазаны қатаңдата отырып, кәмелетке толмағандарға қатысты күш көрсету мен қатыгездік танытуға байланысты іс-әрекеттердің барлық нысандарын қамтитын «Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық» бабын қосуды маңызды деп санаймыз, – деп жазды ол.

Балалар омбудсмені мәселен, сауда орталығында баланының бетінен теуіп жіберген адамға «Бұзақылық» бабы қолданылатынын атап өтті. Себебі ҚР ӘҚБтК-дегі «Ұрып-соғу» бабы балаларға іс жүзінде қолданылмайды. Ал заңнамада қатыгез қарым-қатынас үшін қолданылатын, әйтсе де жауапкершілігі іс-әрекетке сәйкес келмейтін «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» атты ҚР ҚК 140-бабы тәрбиешілер мен ата-аналарға ғана көзделгенін айтады.

Тағы бір мысал, өгей әкесі баланы ұрып-соғып, бала ауруханаға, содан соң кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына түсті. Өгей әкесінің бостандығы ғана шектелді, яғни ол сол күйі үйінде тұра берді. Бұндай жаза сондай әрекет жасаған адамға лайықты жаза емес. Сондай-ақ, тараптардың татуласуын, сондай-ақ азаптауға, зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне, балаларға қатыгездік танытуға қатысты қылмыстар үшін бас бостандығын шектеу сияқты жаза түрін алып тастауды қарастырған жөн. Қатыгездік танытқаны үшін жаза тағайындалмауы көбінесе одан да ауыр қылмыстарға әкеп соғады. Мұндай әрекетті жасаған адам жазаның қатал екенін білуі керек.  Бұл ретте балаларға қатыгездік таныту, оларға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты іс-әрекет жасағандардың барлығын психологиялық көмек курсын өтуге міндеттеу керек, - деп қосты обмудсмен.

 Оның пікірінше, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды анықтауда, олармен жұмыс істеуде психологтар басты рөл атқарады. Алайда кейбір өңірде балалар психологы тапшы.

Бүгінде 13 облыста мектептердің психологиялық қызметтерін оқытумен, үйлестірумен, сапасымен айналысатын психологиялық қолдау орталықтары жоқ. Осыған байланысты ҚР Президентінің Жолдауына сәйкес білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту бұл мәселені шешеді. Сондай ақ зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасы жоқ. Ата-аналар адвокат, заңгерлік кеңесті өз бетінше іздеп жүр. Бірыңғай сенім телефонын құру зорлық-зомбылықтың алдын алу мен анықтаудың негізіне айналады, әлемдік тәжірибеде бұндай телефон – ең тиімді құралдардың бірі. Әр бала кез келген сәтте көмекке жүгіне алатын нөмірді жатқа білуі керек. Бұл бойынша Президент тапсырмасымен ҚР ЦДИАӨМ-мен жұмыс жүріп жатыр, - деп қорытындылады Динара Зәкиева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама