×

Қырғыз президентінің Аманжол Әлтаевқа жауабы: «Елші мен жыршыға өлім жоқ»

Садыр Жапаров қазақ ақынына не үшін ат мінгізгенін түсіндірді

 Халық үні 24.08.2023 | 15:38
фото: Садыр Жапаров, Аманжол Әлтаев

Еске салайық, 13 тамызда қазақ ақыны Біржан Қалдыбаев Чолпон-Атада өткен көкпардан әлем чемпионатының ашылу салтанатында өнер көрсетіп, Садыр Жапаровқа арнап сөз сөйлеп, екі халықтың достығын жырлаған.

Қырғыз президенті Садыр Жапаров сол жиында қазақ ақынына құрметі ретінде сыйлық табыстайтынын айтып, 20 тамызда Қырғызстан президентінің көмекшісі Қаныбек Түмонбаев Садыр Жапаровтың сыйлаған тұлпарын Біржан Қалдыбаевқа тарту еткен.

Содан кейін қазақтың белгілі айтыскер ақыны, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Қырғызстан президенті ат мінгізген қазақ ақыны Біржан Қалдыбаевты сынға алды.

Мынау Біржан деген ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ, - деп жазды Аманжол Әлтаев.

Аманжол Әлтаев қырғыз тарапын екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандумдағы ережені сақтауға шақырды.

Арада бір күн өткенде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ҚР мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевтың жазбасын әлеуметтік желіден оқығанын айтып, орынсыз үндеу болғанын жеткізді.

«Иә, Аманжол Әлтаев бауырымыздың әлеуметтік желідегі үндеуін мен де оқыдым. Әрине, бұл ыңғайсыз үндеу болды. Ең алдымен «Елшіге де, әншіге де өлім жоқ» дейді. Елшілер өз жұмысын жасайды. Әншілер, тіпті ақындар өздеріне ыңғайлы жерде ән салады. Сын айтып ән салады, мадақтап ән салады, бірдеңе сұрау үшін ән салады. Одан кемшілік, саясат іздеудің қажеті жоқ. Екіншіден, ақын Біржан Қалдыбаев қырғыздың жиені. Мен қазақтың жиенімін. Біз туысқанбыз. Бесінші атам Солтонқұлдың әйелі Нооча қазақтың қызы еді. Үшіншіден, біз қырғыз-қазақша сөйлейтін халықпыз. Сол сәтте арғымақ сыйға тартпасам, ол маған бір кезде ән шырқайтын еді. «Нағашым жаяу жіберді, нағашымның бір арғымаққа шамасы жоқ па?» деп айтар еді. Ол жерге қатыспасам, сол ақынның әнін естімесем, әңгіме басқа болар еді. Сондықтан Аманжол мырзаға айтарым, сіз ешқашан жайсыз жағдайға тап болған жоқсыз.

Ешқандай саясат жоқ. Айтыскер ақын жиенімнің сөзіне түсіп қалмас үшін ғана арғымақ сыйға тарттым. Ал енді мен Біржан Қалдыбаевтың қандай ақын екенін де білмеймін. Мен оны бұрын да танымайтынмын. Оны көше ақыны деп атаған. Қазір көше ақыны болса, ақыры қазақ-қырғыз халқына белгілі ақын болып кетер? «Бесіктегі бала патша бола ма, кім білсін, құрсағындағы бала патша бола ма, кім білсін» дейді. Ол жас бала екен. Қолдау болса ақыры атақты ақын болып шығар. Қазақ пен қырғызды бізден басқа ешкім қолдамайды. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетуіміз керек. Қазіргі әлемдік жағдай өткір. Қазақ пен қырғыздың арасына от салғысы келетін үшінші күштер әлі де жоқ емес. Біз мұндай адасушылықтан аулақ болуымыз керек. Арамыздағы тыныштықты сақтайық. Онсыз да ат төбеліндей ғана елміз», - деп жауап берді.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Halyq Uni тілшісіне Қырғыз президенті ат мінгізген қазақ ақынын неге «талантсыз» деп атағанын түсіндірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама