×

«Шешім қабылданады деп ойлаймын»: Мәжіліс спикері АрселорМиттал компаниясы туралы

Компания жұмысшылар үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ете алмай отыр

 Айнұр Шошаева 19.08.2023 | 16:02
Фото: Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «Қазахстанская» шахтасындағы апатта қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Казахстанская» шахтасындағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл – үлкен қасірет. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендер тезірек сауығып кетуін тілеймін, – деп жазды ол.

Оның пікірінше, компанияға тиесілі өндірістерде болып жатқан апаттар ондағы еңбек қауіпсіздігі сақталмайтынын көрсетіп отыр.

Мемлекет басшысы бұл оқиғаға өз бағасын берді. Қайталанып жатқан мұндай жазатайым оқиғалар мен адам өлімі «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының жұмысшылар үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетті. Бұған не себеп болғанын – немқұрайлылық немесе қасақана әрекеттер ме, оны тергеу көрсетеді. Президент Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне тиісті тапсырмалар берді. Премьер-министр оқиға орнына барды. Осы өңірден сайланған Мәжіліс депутаттары да Шахтинскіде жүр, – деді спикер.

Сонымен қатар шетелдік компанияның елде жұмыс істеуіне қатысты пікірін қосты.

«Арселор Миттал Теміртау» басшылығымен талай рет жоғары деңгейде кездесулер өткізіліп, онда өндіріс қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген еді. Алайда кейінгі жағдай тиісті қорытынды жасалмағанын көрсетіп отыр. Бұл шетелдік компанияның Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешім жақын арада қабылданады деп ойлаймын, – деп қорытындылады Ерлан Қошанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама