×

Асқар Жұмаділдаев аузына түкірген: әлемнің үздік математигі атанған Әлимен сұқбат

9 жастағы Әли Насырбек өскенде өнертапқыш, инженер болғысы келеді

 Гүлбаршын Нұрхан 11.08.2023 | 11:14

Жақында астаналық оқушы әлемнің үздік математигі атанды. 9 жастағы Әли Насырбек АҚШ-тың Нью-Йорк штатында өткен Copernicus олимпиадасына қатысып, топ жарды. Бұл додаға әлемнің  23 елінен 360 оқушы қатысқан. Қазақстаннан 51 бала іріктеліп, Әлимен бірге сыныбынан 4 оқушы қатысқан.

Halyq Uni тілшісі АҚШ-тан жүлдемен оралған Әли Насырбектің өзімен сөйлесіп, оның ата-анасы, әжесінің әңгімесін тыңдап қайтты.

NurOrda мектеп-лицейінің 3-сыныбында оқимын. Бізге бұл жарыс туралы сынып жетекшіміз айтты. Сайысқа бүкіл сынып болып дайындалдық, бірақ олимпиадаға 16 оқушы қатысты. Іріктеуден 6 бала өтіп, оның төртеуі ғана АҚШ-қа барды, - дейді жас математик Әли Насырбек.

Әлидің математикаға қызығушылығы 1-сыныптан басталған. Ол арнайы бағдарламаға тіркеліп, сол жерде математикалық есептердің жауабын шешеді. Олимпиадада келген сұрақтар да оңай болмаған. Жас математик үздіксіз дайындықтың нәтижесінде осындай нәтижеге жетуге болатынын айтып отыр.

«Мектепте күн сайын шамамен жеті сабақ өтеді, оның 45 минуты математикаға арналады. Одан бөлек, күніне қосымша 15 минут уақытымды есеп шығаруға арнаймын. Сол үшін есеп шығаруға арналған онлайн бағдарламаға үш жыл бұрын тіркелдім. Бұл бағдарламада математика бойынша түрлі сұрақтар мен тапсырмаларға жауап беруге болады. Осы уақытқа дейін 14 мың сұрақтың жауабын шештім. Жалпы сайыстағы сұрақтардың кейбірі сондай платформадағы бағдарламадан келді, кейбірі мектеп бағдарламасынан да болды. Маған екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейту және бөлу бойынша тапсырмалар қиынға соқты. Мен 3-сыныпта оқитын болғандықтан, бұл есептерді мектеп бағдарламасында өтпедік. Соған қарамастан ол тапсырмаларды шешуге тырысып, жауап бердім. Сайыста сұрақтар ағылшын тілінде болды, бірақ төрт тілдің бірін таңдауға болады. Негізінен 25 сұрақ келді. Әрбір дұрыс жауапқа төрт балл беріледі, ал әр қате жауаптан бір балл алынып тастайды», - дейді Әли Насырбек. 

Әлидің әкесі Нұрбол Төлебаевтың айтуынша, ұлының жоғары сынып оқушылары арасында өтетін олимпиадаларға қатысу үшін осындай сайыстарға қатысып, тәжірибе жинағаны дұрыс.

«Математикаға қатысты өте беделді халықаралық олимпиадалар бар. IMO секілді беделді олимпиадалар жоғары сынып оқушыларының арасында өтеді. Сол олимпиадаларға қатысып, орын алатын болса, қазір мемлекет тарапынан 4,5 млн теңгедей сыйақы беріледі. Бұрын елімізде тек спорт бойынша олимпиададан жеңген балаларды марапаттайтын еді. Қазір президентіміздің шешімімен пән олимпиадаларының жеңімпаздарына да қомақты сыйақы тағайындалып отыр. Енді сондай беделді олимпиадаларға қатысу үшін осындай кішігірім олимпиадалардан тәжірибе жинау керек. Бұл сайыс ол категорияға кірмейтін болғандықтан, мемлекет тарапынан ондай сыйақы берілмейді. Сондықтан келешекте одан да үлкен олимпиадаларға қатысып, орын алсақ деген ойымыз бар», - дейді жас математиктің әкесі.

Әлидің білімін әрі қарай жетілдіру бойынша ата-анасы үнемі қолдау білдіріп, бағыт-бағдар беріп отырады. Әкесінің айтуынша, баланың тек бір саладан үздік болғанынан гөрі, бірнеше саланы меңгергені тиімді. Бұл қасиет әлемнің беделді университеттерінде жоғары бағаланады.

«Жалпы әлемнің үздік университеттері ботаник балаларды қажет етпейді. Әлемге тек біржақты, математиканы ғана оқи беретін баладан гөрі жан-жақты балалар керек. Сол университеттер басқалармен қарым-қатынас орната алатын, өзінің жобаларын жүзеге асыра алатын тұлғаларды бағалайды. Сондықтан біз балаларымыздың жан-жақты болуы үшін спорт, өнер және білімді қатар алып жүруі керек деп есептейміз. Сонда ғана мидың әртүрлі бөліктері жұмыс істейді», - дейді Әлидің әкесі.

Әлидің әжесі де үнемі немересіне қолдау білдіріп, түрлі сайыстарға қатысқанда тілеуін тілеп, тәрбиелеуге атсалысады. Айтуынша, математик ғалым Асқар Жұмаділдаевтың өзі Әлидің аузына түкіріп, батасын да берген екен.

«Әлидің кішкентай кезінде ырымдап, Асқар Жұмаділдаев атасына түкірткен едік. Сол атасының түкірігі де дәрі болған сияқты. Қазақтың ырымы деген өте керемет қой. Ол кісімен бір отырыста болғанбыз, өте қарапайым жан екен. Білімі өте жоғары, дүниежүзіне белгілі, текті адам ғой. Асқар атасының адамгершілігіне, қарапайымдылығына риза болып, өзім аузына түкіртіп алған едім. Әлидің нағашы атасы да математик болған еді, мүмкін сол кісілерден осы қасиет дарыған болар», - дейді әжесі Іңкәркүл Төлебай.

Әлидің анасының айтуынша, баланы тәрбиелеудегі ең басты ұстаным – оны тыңдай білу, қызығушығына сай үйірмелерге жіберіп, жан-жақты дамыту.

«Жалпы біздің бала тәрбиесіндегі негізгі ұстанымымыз – баланы тыңдай білу. Ата-ана баланың қажеттілігіне қарай жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Баланы көп нәрседен шектей беруге болмайды, оларға барынша еркіндік беру керек. Балалардың жан-жақты дамуына қолдан келгенше қолдау білдіріп отырамыз. Қазіргі заманға сай қосымша үйірмелер болсын, сабақтар, сабақтан тыс өзінің қызығушылығына сай ойын түрлеріне жіберуге тырысамыз. Жалпы қазіргі кезде баланы тыңдап, қай жағынан болса да көмек беру – ата-ананың басты парызы», - дейді анасы Жадыра Кадирова.

Әли Насырбек өскенде өнертапқыш, инженер болғысы келеді. Ол тіпті өзі оқығысы келетін университетті де таңдап қойған.

«Маған лего-контструкторлар жасаған ұнайды. Өскенде өнертапқыш, инженер болғым келеді. Біз Колумбиядан басқа Бостонға барып, тағы үш университетті көрдік. Бостон, Гарвард, MIT – әлемнің ең мықты университеттері. Мен өскенде MIT университетіне түскім келеді. Сол университетке барғанда зертханаларды араладық, олардың жұмысымен таныстық. Мәселен, телефонға арналған чиптердің жасалуын көрдік. Ол чиптерді микроскоппен қарағанда 320 мың адамның атын көруге болады. Маған осы нәрселер әсер етіп, қатты ұнады», - деді Әли Насырбек.

Жас математик сабақтан бөлек бос уақытында AXL бағдарламасы арқылы математикалық есептерді шешіп, Duolingo бағдарламасымен ағылшын тілін үйренеді. Одан бөлек домбыра, шахмат үйірмелеріне қатысады. Спортпен шұғылданып, жүзумен және каратэмен де айналысады. Тіпті, ол жазғы демалысын босқа өткізбей, бизнеспен де айналысып, қаржылық сауаттын арттырады. Өзі қолдан лимонад дайындап, жақын маңдағы дүкендерге сатады. Ал жиналған қаржының бір бөлігін қайырымдылыққа аударып, өзгелерге көмек көрсетеді. Бір бөлігін өзіне керек-жарақ алуға жұмсайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама