×

СІМ Қытаймен арадағы визасыз режим күшіне қашан енетінін түсіндірді

Қазақстан өз тарапынан мемлекетішілік рәсімнің бәрін орындаған

 Дәурен Ерболат 07.08.2023 | 17:24
Айбек Смадияров, фото: Halyq Uni

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров БАҚ өкілдерін Қытай мен Қазақстан арасындағы келісім туралы жалған ақпарат таратпауға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Биыл 17 мамырда Сиань қаласында Қазақстан мен Қытай арасында визалық талаптарды өзара босату туралы келісімге қол қойылды. Келісімнің 11-бабына сәйкес, қос тарап (келісімнің) күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны өзара алған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кейін күшіне енеді», - деді Айбек Смадияров.

СІМ ресми өкілінің айтуынша, бүгінде қазақстандық тарап барлық мемлекетішілік рәсімдерді аяқтаған. Енді бұл рәсімде Қытай тарапы орындауға тиіс.

«Осы келісімді Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы 26 шілде № 612 қаулысымен бекітіп, сондай биыл 28 шілдеде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ҚХР Сыртқы істер министрлігіне тиісті хабарлама жолдады.

Біз Қытай тарапының ішкі процедураларының аяқталуы туралы тиісті хабарлама күтеміз. Тиісінше, қос ел арасында өзара визасыз режимді күшіне ену туралы ақпарат Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет ресурсында және Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады», - деді Айбек Смадияров.

Шілденің соңында Қазақстан Үкіметі келісімді бекіту туралы қаулыны қабылдаған кезде бірнеше БАҚ қате ақпарат жариялаған.

Олар бұл келісім күшіне енді деп жазыпты. Бұл дұрыс емес. Қаулы тек Қазақстан тарапы ішкі процедураны аяқтады дегенді білдіреді. Енді Қытай тарапынан сондай хабарлама күтеміз. Осындай хабарлама келген күннен бастап, күнтізбелік 30 күннен келісім күшіне енеді. Шешім жыл соңына дейін қабылдануы әбден мүмкін, - деп сөзін түйіндеді СІМ ресми өкілі.

Келісім күшіне енсе, қазақстандықтарға Қытайға бару үшін тек төлқұжат (паспорт) керек, басқа құжаттың қажеті болмайды.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қытаймен арадағы визасыз режимге қарсы орынсыз пікірлер айтылып жатқанын, қос ел арасындағы келісім Қазақстанға тиімді екенін жеткізген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама