×

Мектептерде мемлекеттік рәміздер туралы ақпарат көпшілік жүретін жерде тұруы керек – педагог

Жас маман оқушылар арасында мемлекеттік рәміздер тақырыбында байқау өткізіп тұру қажет деп санайды

 Халық үні 31.07.2023 | 15:53
Фото: ашық дереккөз

Еліміздегі білім ордаларында мемлекеттік рәміздер туралы ақпарат көзге көрінетін жерде орналасуы керек. Мұндай пікірді алматылық мұғалім Жансұлу Аманжанова Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мемлекеттік рәміздерге деген, елге деген құрметті, сүйіспеншілікті арттыру мақсатында әр дүйсенбі сайын мектептердегі дәлізде және әр сынып бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалатынын айтып өтті.

Сондай-ақ жасөспірімдердің бойынша отансүйгіштік қасиетті арттыра түсу үшін қандай іс-шара қабылдау қажет екеніне тоқталды.

«Балалар Әнұранды орындағаннан кейін сабақ басталады. Мемлекеттік рәміздердің атаулы датасы бар. Одан бөлек мектептерде бір аптаны алып, апталықты рәміздерге арнауға болады. Сол апталықта мемлекеттік рәміздің макетін жасап, суретін салып, оқушылар көрме ұйымдастырса құба-құп. Мұндай көрмені мектеп оқушылары, ата-аналар мен мектеп қонақтары көре алатын жерге қойған дұрыс. Көрменің өзін оқушыларға қолжетімді ету қажет, себебі тек көріп қана қоймай, ұстап танысатын мүмкіндік жасаған жөн. Бала өткен сайын қыран мен оюды танып, түсінің неге көк екенін біле алуы қажет. Сол арқылы бала сұрақтарына жауап ала алады», - дейді алматылық мұғалім Жансұлу Аманжанова.

Жас маманның айтуынша, оқушы сурет салғанда немесе мемлекеттік рәміздің макетін жасаған кезде түсінеді және есінде сақтайды.

«Неге туымыз көк түсті?», «неге Елтаңбада пырақ бейнеленген?» деген сұрақтарға жауап алады, сол арқылы баланың санасында ақпарат сақталады. Содан кейін ғана мемлекеттік тудың, Елтаңбаның мағынасын айтып бере алады, - дейді ол.

Сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мектептерде мемлекеттік рәміздерге қатысты байқау ұйымдастыруды ұсынды.

Сынып жетекшісі немесе басқа да мұғалімдердің көмегі арқылы сынып сағатын өткізіп, әңгімелесу сабағын, тренингті мемлекеттік рәміздер тақырыбына арнап, түсіндіру жұмыстарын ойын форматында да өткізуге болады, - деді Аманжанова.

Айтуынша, кей білім ордасында мемлекеттік рәміздер бұрышы көпшілік көре бермейтін жерде орналасқан.

«Мемлекеттік рәміздердің мектепте өзіндік орналасу реті мен орны бар. Кей мектепте мемлекеттік рәміздер көрінбейтін жерде орналасқан. Меніңше, мемлекеттік рәміздер – Әнұранның мәтіні мен ол туралы ақпарат, Ту мен Елтаңба туралы деректерді қазақ және орыс тілінде жазып қою қажет. Қабырғаға ілінетін мемлекеттік рәміздер туралы ақпаратты да тартымды етуге толық мүмкіндік бар. Сәндеп, әрлеп, өзіне тартып тұруы қажет. Яғни, біріншіден, мемлекеттік рәміздер білім ордаларында адам көретін жерде орналасуы керек. Екіншіден, мектепке ата-алардың да келетінін ескерген жөн. Мектеп ғимаратының ішінде баласын күтіп тұрған ата-ана мен ата-анасын күтіп тұрған бала ақпаратты оқуға жағдай жасаған жөн. Адам күткен кезде ақпарат оқып тұратыны белгілі», - дейді алматылық маман.

Сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен қазір мектептерде оқушылар арасында мемлекеттік рәмізге мән беру қандай деңгейде екенін де сұрадық. Мемлекеттік әнұран орындау қалыпты дүниеге айналған ба, әлде мәнін түсінуге басымдық берілген бе, деген сұраққа жауап берді.

Мектептерде әнұранды орындаудағы басты мақсат – баланың санасына мемлекеттік рәміздің мәнін сіңіру. Даярлық сыныптағы 6 жастағы бала оның мән-мағынасын толық түсінбеуі мүмкін. Оларға «менің елім, менің елім» деген қарапайым тіркес арқылы осы жердің азаматы, осы елде өсіп жатқаны, бұл елдің Қазақстан Республикасында тұратыны туралы түсіне бастайды. Осындай ақпарат санасына ақырындап қона береді. Одан кейінгі мақсат – баланың жас ерекшелігіне қарай мемлекеттік рәміздің мәнін түсіндіру. Әнұранды орындау кезінде баланың қабылауы, ойлау деңгейі де маңызды рөл атқарады. Бала оны қаншалықты түсініп орындап тұр? Кей оқушы жай ғана әнұран орындап тұрғандай түр танытуы мүмкін. Ал осының бәрі сынып сағатында жеке-жеке қаралып, Әнұранның сөзін жаттауға, мәнін түсінуге көмектеседі, - дейді Жансұлу Аманжанова.

Маңғыстау облысы Ақшұқыр мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балзия Көнебаева мектепте өткізілетін іс-шараларға тоқталды.

«Мектептердегі ұлттық тәрбиенің маңызды бір бөлігі болып табылатын әскери-патриоттық сана-сезімді жастардың бойында қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан оқушылардың бойына патриоттық сезімді, азаматтық рухты дарыту мақсатында мектебімізде көптеген шара өткізіліп тұрады. Кейбір шараларды өткізу дәстүрге де айналған. Атап айтсақ, аптаның әр жұма күні ұлттық киім кию, үзіліс уақытында қоңырауды қызықты әрі танымды етіп өткізу үшін «Көңілді қоңыраулар» өткізіліп, асық, бестас ойнау, «Dombyra party» өткізу, патриоттық әндерді караоке түрінде орындау секілді шаралар ұйымдастырылады», - дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Айтуынша, іс-шараларды ұйымдастыруға мектептің өзін-өзі басқару ұйымының оқушылары атсалысады.

Келешекте патриоттық сезімді оқушы бойына нық орнату мақсатында оқушылармен заман талабына сай комикс құрастыру сияқты жобаларды ұйымдастырғым келеді, - дейді ол.

Айта кетейік, Үкімет «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулығы өзгеріс енгізді. Жаңа тізімде 19 мерекелік күн бар. Ішінде 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні деп бекітілген.

Айта кетейік, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қабылдау барысында ең алдымен 1992 жылы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобы құрылды. Шығармашылық комиссия жасақталып, оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері енген. Осыдан кейін Елтаңба, Ту, Әнұран жобасын жасауға конкурс жарияланды.

Ресми мәлімет бойынша, конкурсқа 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскизі бойынша 1 200 өтінім түскен. Соның ішінен суретші Шәкен Ниязбековтың нұсқасы бекітілгені белгілі.

Елтаңба бойынша байқауға 245 сурет жобасы мен 67 кескіндеме ұсынылған. Соның ішінде сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегі үздік деп танылды. 

Рәміздер конкурсында әнұранның 750 нұсқасы да қаралды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтауға шешім қабылданды. Осылайша, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің музыкасы қалды. Ал үздік мәтінге жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

2006 жылы Қазақстанның жаңа мемлекеттік әнұраны қабылданды. Халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама