×

«Путинге айтамыз», қазақ тіліне «қарсы» депутаттар: Азат Перуашев пен Қазыбек Иса дауға айналған депутаттық сауалды түсіндірді

Азат Перуашев Мәжілістегі депутаттардың басқа фракцияның депутаттық сауалын қолдауға міндетті емес екенін айтты

 Айнұр Шошаева 04.05.2022 | 15:49
фото: Қазыбек Иса, Азат Перуашев

27 сәуірде Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау, Конституцияның 7-ші бабын өзгертіп, мемлекеттік тілдің статусын жеке дара айқындау, еліміздің ақпарат алаңын шетел телеарналарынан тазарту, біздің елге көршілес елдерден ағылып жатқандарға тосқауыл қою мақсатында Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілі мен ел тарихынан емтихан тапсыру туралы депутаттық сауал жолдады.

Осы депутаттық сауалдан кейін қоғамда түсінбейтін жайттар көбейіп кетті. Кейбір ақпарат құралдарында «Депутаттар орыс тілінің Конституциядағы мәртебесін өзгертуді қолдады» деген жаңалық шықты, одан кейін мемлекеттік тілге қатысты заңды өзгертуді қолдамаған депутаттар туралы айтыла бастады. Әлеуметтік желіде Қазыбек Исаның депутаттық сауалын Мәжілістегі 107 депутаттың 38-і қолдап қол қойғаны жайында айтылды. Сондай-ақ депутаттық сауалға қол қойғандардың тізімінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті (депутат) Берік Әбдіғалиұлының, Ерлан Сайыров пен Айдос Сарымның жоқтығы айтылды.

Бүгін қоғамда дау туғызған «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалына және елордадағы №93 мектепте өткен ата-аналармен кездесуге қатысты Азат Перуашев пен Қазыбек Иса журналистерге жауап берді.

Қазбек Иса, депутат:

- Депутаттық сауал жолдағаннан кейін, ертеңіне ме, үш күннен кейін шу басталды. Бір жерде бұрмаланып жіберілді. Сол кезде мен жауап беріп, жазып қойдым. Бұл ешқандай қағаз жүзіндегі заң емес. Бұл «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы. Депутаттық сауалды жасаған кезде осы жерге шығып, пленарлық отырыс біткен соң барлығы келіп мені қолдап, «өте жақсы, дұрыс болды» дегендердің бәрі қосылатынын айтты. Өз қалауымен қосылды. Ешкімді зорлаған жоқпыз. Қосылғандардың тізімі депутаттық сауалдың соңында жазылған. Оның алдында 26 қаңтарда қаңтар оқиғасына байланысты депутаттық сауал жасадық. Онда 23 депутат қолдап, оларды жазғанбыз. Сол сияқты халық кейін жазылғандардың ішінен өз депутаттарын іздеп, содан шу шығып кетті ғой деймін.

Азат Перуашев, депутат:

- Негізі Мәжілісте мынадай дәстүр бар. Егер өзекті депутаттық сауал жолданса, оны қолдайтын депутаттарға шектеу қойылмайды. Осы сауалды қолдап, қолын қоя алады. Біреулер қолдамады, оларды сынап бастады. Негізі депутаттар басқа фракцияның депутаттық сауалын қолдауға міндетті емес. Соған қарамастан, азаматтық позициясын көрсетіп депутаттық сауалымызды қолдаған кейбір әріптестерімізге рақмет.

БАҚ сауалы:

- «Ақ жол» фракциясының «Конституцияның жетінші бабының екінші тармағынан орыс тілін ресми тіліден алып тастау туралы нақты позициясы қандай?

Азат Перуашев, депутат:

- Егер сіз сол депутаттық сауалымызды оқысаңыз, онда орыс тілі туралы бір сөз жоқ. Сауал бұрмаланды. Әңгіме сауал жарияланғаннан кейін кекі күннен кейін ғана басталды. Мектептегі ата-аналармен кездесу барысында біраз өткір талқылау болды.

БАҚ сауалы:

- Қазыбек мырза, сіз орыс тілін конституциядан алып тастауды қолдайсыз ба?

Қазыбек Иса, депутат:

- Бізде Констиуцияның жетінші бабында мынадай сөз бар: «қазақ тілі мемлекеттік тіл». Одан әрі қарай нүкте. Негізгі Конституцияда мемлекеттік тіл болып табылған соң, ол мемлекеттік тілді білу міндетті деп жазылу керек. Біріншіден, мемлекеттік тілді білу керек деген сөз жоқ. Екіншіден, мемлекеттік тіл деп енгізген соң соны нақты дамытатын Мемлекеттік тіл туралы заң керек. Бұл заң отыз жылдан бері жоқ. Мынау бөлініп шыққан он бес одақтас мемлекеттің бәрінде бар, тек Қазақстанда жоқ. Біз мемлекеттік тілді Конституцияда айқындау мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдадық. Ол жерде орыс тілі туралы мәселе жоқ.

БАҚ сауалы:

- Орыс тілін алып тастау керек пе, жоқ па?

Қазыбек Иса, депутат:

- Бұл жерде нақты жағдайға келу қиын болып тұр. Өйткені кешегі мәселе көтерілгенде қаншама шу болды. Бізге қанша жала жабылды. Көріп отырсыздар, бұрмалап отыр. Президентіміз Тоқаевтың өзі айтты: «Бізде бір ғана мемлекеттік тіл болу керек. Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болу керек» деді.

«Қазбек Иса тіл мәселесін әдейі көтеріп жатыр. Референдумға кедергі келтіру үшін» деп жатыр. Сөзімнің басы және аяғы жоқ. Мен сөзімнің басында 2011 жылғы біздің әйгілі 138-дің ашық хаты Мұхтар Шахановтың өзі бастап шығарған, 2017 жsлы Әбіджәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Асанәлі Әшіміов, Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеев барлығы 125 адам қолқойып, қазір 126 мыңнан асып кетті. Осы жерде де біз сол мәселені көтергенбіз. Конституцияға тіл жағынан өзгеріс ензізу керек, алып тастау керек деп. 2020 жылы енді осы мәселені мектепте айтып тұрған кезде басталып кетіп, енді соны депутаттық сауалға әкеліп жабыстырып жатқандар бар. Ол депутаттық сауал емес, алдындағы ашықхаттарда айтылған.

Маған мемлекеттік тіл маңызды. Мен сөзімнен бас тартып тұрғаным жоқ.

Азат Перуашев, депутат:

- Мен әріптесімді толықтырайын. Негізі біз бұған жауап бердік. Біз үшін не маңызды деп отырсыз, иә біз үшін маңыздысы кез келген еліміздің азаматы мемлекеттік тілді меңгеріп, кез келген мемлекеттік органға болмаса мемлекеттік мекемеге барып өз ана тілінде қызмет алуға құқығы бар. Біз соған ерте ме, кеш пе жетеміз деп білеміз. Конституциямызда мемлекеттік тіл қазақ тілі деп көрсетілген, ал бірақ соны орындау тәртібі мен ережесі заңменен бекілітуі керек еді. Заң әлі күнге дейін қабылданбаған. Сол себепті өткен сәрсенбі күні «Ақжол» фракциясы және бізді қолдаған біраз әріптестеріміз соған байланысты Конституцияның бабының іске асырылуына арналған арнайы мемлекеттік тілі туралы заң қабылдауды ұсындық.

БАҚ сауалы:

- «Путинге айтамыз» деген мектептегі жағдайға байланысты айтсаңыз....

Қазбек Иса, депутат:

- Бұл жақсы сұрақ. Мен үшін шошыған жағдай болды. Мен оны қалай қабылдағанымды әлеуметтік желіде жаздым. Бұл нені білдіреді? Ол Білім басқармасы жаңағы №93 мектепті қазақ тілі мектебі деп ашқан. Оның алдында біз Талғардағы мәселеге байланысты ұшып барып, аралас мектептердің мәселесіне қатысты халықтың сөзін тыңдап, ұсыныс жасадық. Ол таза қазақ мектебі болып қалатын болды. Мынау да таза қазақ мектебі болып ашылған. Ол жерде кейбіреулер шу шығарып жатыр: ұлтаралық араздық деген. Ұлтаралық араздық қала болады? Ол жерде қазақтан басқа бірде-бір өзге ұлт өкілі жоқ. Өзіміздің қазақтар отырып алып, бір-бірімізбен айтысып жатырмыз. Не үшін айтысып жатырмыз? Ондағы мәселе тілге келіп тіреледі. Яғни, орыстілді қазақтар мен қазақтілді қазақтар айтысып жатыр. Отыз жылдағы биліктің қателігі: бір халықты екіге бөлген. Сол қателіктерді тоқтату керек. Әрине, ол жерде мен қатты наразы болдым. Наразылығымды жаздым, айттым. Аралас мектеп ішіне қосу үшін екі шақырым радиуста басқа мектеп болмаса, онда болады. Ол жерде төрт аралас мектеп бар. Төртінші BINOM мектебі салынып жатыр. Сондықтан олардың аралас мектеп қылып ашу туралы талабы негізсіз, заңсыз. Қазақ мектебі болып қалатын болды.

Азат Перуашев, депутат:

- Бұл жерде өз пікірімді қосайын. Негізі стандарттар бар, сол екі шақырым жерде қолжетімді мектептер болу керек. Әрине, осы радиуста төрт мектеп болғаннан кейін, оның ішінде бір ғана қазақша мектеп болса, бұл талап мен үшін заңсыз. Конституцияда көрсетілген талапты іске асыру мәселесі қайтадан туындап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама