×

Балалар ауруханаларындағы бюджет тапшылығы емдеу сапасын әлсіреткен – Аймағамбетов

Қолданыстағы қаржыландыру жүйесі тиімсіз

 Динара Амантай 21.07.2023 | 15:27
Фото: turkystan.kz

Балалар ауруханаларының бюджет тапшылығы емдеу сапасын әлсіреткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат балалар ауруханаларының бюджеттен алатын қаражаты басқа ауруханалармен салыстырғанда әлдеқайда аз болғандықтан, сапалы емдеу шараларын атқару үшін айтарлықтай қиындық тудырып жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, Қарағанды облыстық балалар ауруханасына сапары кезінде дәрігерлер саладағы жүйелі мәселер жөнінде сөз қозғаған. Басты мәселелердің қатарында балаларды емдеу үшін бюджеттен бөлінетін тариф мөлшерінің төмендігі (маңызды бағыттар бойынша) және аурухана ғимараттарының коммуналдық шығындарын төлеуге қатысты аспектілері айтылды.

Ұрпақ саулығы мен балалар денсаулығына келгенде, үнемдеуге болмайды. Әсіресе КЗГ-сі айтарлықтай төмен бағыттар бойынша (пульмонология, нефрология, гастроэнтерология, аллергология, неврология, гематология, эндокринология) қайта қарау керек деп айтып отыр. Бөлінетін қаржы (тариф) қайта зерделеніп, ұлғайтылуға тиіс деп санаймын. Бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмыс істейміз, – деп жазды депутат.

Сондай-ақ ол коммуналдық шығындар мәселесін шешу үшін облыстық әкімдік дұрыс әрі тиімді шешім қабылдап, енді іске асырып жатқанын атап өтті.

Біздің негізгі ұсынысымыз – коммуналдық шығындарды бюджеттен төленетін жан басына қаржыландыру тарифінен бөлек шығарып, жеке қаржыландыру. Өйткені әр өңірде коммуналдық тариф әртүрлі және осыған байланысты ауруханалар үшін қолданыстағы қаржыландыру жүйесі тиімсіз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама