×

Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Солтүстік Қазақстанды - Қызылжар, Петропавлды – Абылай хан деп атайтын кез келді»

Экс-сенатор ономастика мәселесін көтерді

 Дастан Жұмабекұлы 18.07.2023 | 12:32
Фото: ашық дереккөз

Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда ономастика саласын тәртіпке келтіру туралы ұсынысына байланысты жариялаған «Атадан қалған аманат» мақаласында «Алматы» деген атаудың этимологиялық, топонимикалық мағынасын ашып, семантикалық, грамматикалық тұрғыдан талдау жасап, КСРО кезінде орыс тілінде аталып кеткен облыс орталықтарының атауын мемлекеттік тілге ауыстыру туралы ұсынысын айтты. Соның ішінде ол Солтүстік Қазақстанды – Қызылжар облысы, Петропавлды – Абылай хан деп атаудың кезі келгенін атап өтті.

Ол мақалада XIX ғасырдың өзінде қазақ халқы әуелде шағын бекініс болып салынған Верныйды «Алматы» деген үйреншікті атымен атағанын, ұзақ жылдар бойы жат тілден енген атауға көндіге алмағанын, осындай қосарлы атаудан әбден ығыр болғандықтан 1867 жылы отарлық билік Верный атауын Алматинск («Алма-Ата» емес, – М. Құл-Мұхаммед) деп өзгерткенін атап өткен. Содан кейін қаланың атауы 1867 жылы Жетісу облысы қайта құрылғанда оған бұрынғы Верный атауы қайтарылғанын жазған. Ал күні бүгінге дейін орыстілді отандастарымыздың арасында пайдаланып келген «Алма-ата» атауының қайдан шыққаны туралы ғалым былай дейді:

Алматы облыстық мұрағатында Жетісу облыстық төңкеріс комитетінің қызметіне арналған 350-қордың 1920-1921 жылдардағы бұйрықтар тізімінде «Алматы» атауының кейінгі тарихын күрт өзгерткен Жетісу облыстық ревкомының төрағасы 1921 жылдың 5 ақпанында қол қойған 18 «a» нөмірлі бұйрық сақталған. Бұйрықта Жетісу облыстық ревко­мы бұдан кейінгі барлық ресми іс-қа­ғазда қаланың атын «Алма-ата», ал уездің атын «Алма-атинский» деп жазуды жалпыға бірдей міндеттейді.

Оның айтуынша, бұйрыққа Қазақстанның 20-30 жылдардағы көрнекті мемлекет қайраткері, кейін өлкелік партия комитетінің 2-хатшысы деңгейіне дейін көтерілген елшіл азамат Ораз Қиқымұлы Жандосов қол қойған (суретте). Ең бастысы, қайраткер Алматының дәл іргесінде туған, осы қаладағы ерлер гимназиясын бітірген, өзі туып-өс­кен өлке тарихын бес саусағындай білген.

Қаланың атын өзгерткені үшін Ораз ағамызды кінәлауға бола қоймас. Ол отаршылдық езгіні бала күнінен өз көзімен көріп, «бұратана, жабайы» деген кемсітулерді жастайынан-ақ естіп өскен. Өзі туып-өскен қаланың ежелден «Алматы» деп аталатынын да жақсы білген. Оның қала атауын жеделдете өзгертуге кіріскен басты мақсаты – тарихқа қиянат, ұлт қабылдауына жат «Верный» деген аттан тездетіп құтылу еді. Төрағаның қаламы­нан шыққан орыс тіліндегі мақалаларының тіл-стиліне қарап, бұйрықты да өз қолымен жазған болуы мүмкін деп шамалаймыз. Бұйрықтан отаршылдық езгі мен қанауға деген ыза-кек айқын байқалады. Оның мәтінінде кездесетін «колониальный захват», «колониальный произвол», «колонизаторское прошлое» тіркестері осыны көрсетеді. Әрине, О. Жандосов бұйрыққа қол қойғанда Алматы сол кездегі ел астанасы Орынбор да, кейінгі бас қаласы Қызылорда да емес, республикадағы көп уездік орталықтың бірі ғана еді. Сондықтан ревком Жандосовтың бұйрығымен шағын қала атауының өзгертілуіне ешкім назар аудара қоймаған сыңайлы. Бірақ бұйрықтың аты – бұйрық. Дәл осы құжаттан кейін барлық ресми қатынаста қаланың орысша атауы «Алма-ата» деп атала бастайды, бірақ жергілікті халық оны ескі дәстүрмен «Алматы» деп айтудан жаңылған жоқ, –  деді автор одан әрі.

Сонымен бірге мақалада ол 1927 жылы республика астанасының Қызылордадан Алматыға көшірілгенде Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев қаланың аты Алматы емес, Алмалы болсын деп Үкімет қаулысына бұрыштама соққанын атап көрсеткен.

Дегенмен автор материалда тілдік реконструкция тұрғысынан алғанда сөзжасамдағы көнетүркілік «ты» форматы бүгінгі қолданыстағы «лы» жұрнағының бастапқы проформасы, яғни ұлттық топонимикадағы жиі кездесетін «-ты» қосымшасының көне түрік тілінің заңды жалғасы – қазіргі қазақ тіліндегі көне жұрнақтың бірі екенін ескертеді.

Одан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммед Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы айтқан ойларға қатысты да өз пікірін білдірген. Ол Солтүстік Қазақстанды – Қызылжар облысы деп, ал Петропавл қаласына ұлы ханымыз Абылайдың есімін беретін кездің де келіп жеткенін айтты.

Енді жаңарған дәстүрді жүйелі жалғастыра отырып, Солтүстік Қазақстанды – Қызылжар облысы деп, ал Петропавл қаласына ұлы ханымыз Абылайдың есімін беретін кез де келіп жеткен сияқты. Қызылжар – қала ғана емес, Ұлытау, Атырау, Жетісу сияқты топонимикада хороним деп аталатын тұтас өңірдің атауы. Егер сәтімен облыс атын осылай өзгертсек, халықтың талай ән-жырына арқау болған Қызылжардай әдемі атауды қалпына келтіріп, Абылай хандай аруақты ердің рухы алдындағы талай буынның перзенттік парызын орындар едік. Дәл осы қалада отарлық заманның өзінде-ақ ордасын тіккен, айбыны асқан Абылай хан мұндай құрметке әбден лайық. Бұл – халқымыздың екі жарым ғасыр бойы күткен аманат-арманы. Осы мәселеге «әлі де болса сақтықпен қарайық» дейтіндер де табылар. Іргедегі Ресей 1991 жылдың өзінде-ақ революция бесігі саналып, ешқашан өзгерместей көрінетін Ленинградты – Санкт-Петербург, ал Свердловскіні Екатеринбург деп атап, екі патшасын бірдей құрметтегенде, бізге неге Кенесары мен Абылайдай қос ханымызды қатарынан ұлықтамасқа?! Әлде Ғафу ақын айтқандай: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп жүре бермекпіз бе? – деді ол.

Сөз соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед Кенесарымен қатар, оның даңқты бабасы – Абылай ханды асқақтатуды халықтың президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «тарихи сана-сезімнің жаңғыруы», «Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы», ел аңсаған әділеттің салтанат құруы деп қабылдайтынына сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама