×

Боксшылар бізге дейін ереже сақтамаған – Мырзағали Айтжанов

Саматәлі Төлтаев пен Абзал Серік 3 жылға жарыстан шеттетілді

 Дастан Жұмабекұлы 10.07.2023 | 12:15
фото: ашық дереккөз

Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов боксшылар Саматәлі Төлтаев пен Абзал Серіктің тыйым салынған препараттарды қолданғанына байланысты пікір білдірді.

– Бұл өзі бұрын болған жағдай. Неге десеңіз, тыйым салынған препараттар адамның азғасында 3-4 ай, кейде бір жылға дейін болады. Қаңтар айында Ұлттық допингке қарсы орталығы Саматәлі Төлтаев пен Абзал Серікті допингке тексергенде олар сынамадан өте алмаған, – деп бастады сөзін бас жаттықтырушы.

Сіз ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып осы жылдың басында тағайындалған едіңіз. Демек, сізге дейін болған ғой?

– Иә, солай болып тұр. Бізге дейін болған. Ол кезде ұлттық құрамада ғылыми топ болмаған. Спортшылар ережені сақтамай жүре берген. Өзім білемін деп жүрген. Үйде витамин ішсе, ол жарты жылдан кейін, кейде бір жылдан кейін адам ағзасынан шығады.

Ал қазір ұлттық құрамадағы жағдай қалай?

– Қазір біз бәрін өзгерттік. Боксшыларға тыйым салынған дәрі-дірмектер, витаминдер ішпеңдер деп айтамыз. Ең алдымен Ұлттық құраманың дәрігері Ирек Сатов ескерту жасайды, ғылыми топтың басшысы Ғалия Билялова спортшылармен семинар өткізеді. Сосын боксшылар оқу-жаттығу жиындарында допингке тексеріледі. Оларға тағы да ескерту жасалады. Қазір боксшылар демалыста. Демалыста да оларға тыйым салынған заттарды ішпеңдер деп ескерту жасаймыз.

– Алда қандай жоспар бар?

– Алда Түркияға он күнге барамыз. Осы шілде айында жол жүреміз. Түркияда боксшылардың қайта қалпына келуі үшін жиын өткіземіз. Олар теңізде шомылып, денесін қатайтады. Одан кейін «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығындағы оқу-жаттығу жиынына қатысамыз. Сосын Алматыдағы тауларда дайындаламыз. Содан кейін Түркістан облысындағы «Алма-Тау» базасында Азия ойындарына дайындықты бастаймыз. Азия ойындарына құрамада өзгеріс болады. Екі құраммен дайындаламыз.

Мәліметті нақтылап бергеніңізге рахмет!

Бұған дейін хабарланғандай, 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Саматәлі Төлтаев анаболикалық стероид болып табылатын оралтуринаболды қолданғаны үшін 2026 жылдың 31 наурызына дейін спорттан шеттетілген. Сондай-ақ тағы бір боксшы Абзал Серіктің ағзасынан метастерон анықталып, ол 2026 жылдың 7 сәуіріне дейін дисквалификация алды.

Еске сала кетсек, биыл 22 жасқа дейінгілер арасында Бангкокта өткен Азия чемпионатында Абзал Серік күміс медаль иегері атанған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама