×

Үш елдің президенті НАТО-ға Беларусь тарапынан да қауіп төнгенін ескертті

Ол жаққа «Вагнер» жасағын көшірудің өзі тегін емес

 Еркеғали Болатұлы 08.07.2023 | 11:45
фото: Delfi

Польша, Литва және Латвия президенттері НАТО-ға Беларусь қаупі туралы ескертті. Үш президенттің пікірінше, Беларусь аумағында тактикалық ядролық қаруды орналастыру және «Вагнерді» көшіру қоғамға қауіп төндіреді. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.

Литва президенті Гитанас Науседа поляк және латвиялық әріптестері Анджей Дуда және Эгилс Левицпен бірге НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергке Беларусь тарапынан қауіп төніп тұрғанын ескерткен хат жазды. Бұл хатты Литва президентінің баспасөз қызметі таратқан.

Хатта үш ел басшысы Мәскеу мен Минск арасындағы ынтымақтастықтың бүкіл Еуроатлантикалық аймақтың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін айтады. Президенттер Ресейдің Украинаға қарсы агрессивті соғысы үшін Беларусь аумағы мен оның ресурстарын пайдаланып жатқанын да атап өтті. Олар бұл әрекет екі ел арасындағы әскери интеграцияның нығайып келе жатқанын айғақтайды деп есептейді.

Оның соңғы көрінісі Беларусь аумағында тактикалық ядролық қаруды орналастыру болды. Бұл Украинадағы соғыс контекстіндегі эскалаторлық қадам және біздің қоғамдастыққа тікелей қауіп төндіреді. Бұл – НАТО-Ресей Негіздемелік актісінің тағы бір өрескел бұзылуы және бұл құжаттың бұдан былай жарамсыз екендігінің жарқын дәлелі, - делінген хатта.

Сондай-ақ үш президент «вагнерліктердің» болуы Беларусьті ЕО шекарасында мигранттармен арандатушылықты қайта бастауға мәжбүр етуі мүмкін екенін атап өтті.

Вильнюстегі НАТО саммиті қарсаңында бізге 360 градус принципіне сәйкес, барлық қауіптерге қарсы тұру үшін ынтымақтастық пен бірлік қажет. Оның ішінде Беларусьтегі соңғы оқиғалардың нәтижесінде пайда болған жағдайлар алаңдатады. Біз Ресейге оларды көріп, түсініп отырғанымызды және оларға қарсы тұру үшін барлық мүмкіндікті қолдануға дайын екенімізді көрсетуіміз керек, - делінген хатта.

Бұған дейін Балтық жағалауындағы екі елдің Сыртқы істер министрлері НАТО-ны «Вагнер» жеке әскери компаниясы содырларын Белоруське орналастыруға жауап ретінде шығыс шекараларын нығайтуға шақырған. Ал Польша президенті Анджей Дуда «Вагнер» тобының Беларуське көшуі өз елі үшін өте жағымсыз дабыл екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама