×

Сыртқы саясаттағы маңызды елдер, Нәзір Төреқұлов мектебі: дипломатия туралы сұқбат

Дипломатия күніне орай бұрынғы дипломат Жанболат Үсенов сыртқы саясаттың маңызы туралы айтты

 Айгерім Таубай 02.07.2023 | 16:30
Фото: Halyq Uni

2 шілде – дипломатиялық қызмет күні. Соған орай Halyq Uni Қазақстанның Ұлыбритания және АҚШ-тағы елшілігінде жұмыс істеген бұрынғы дипломат Жанболат Үсеновпен сұқбаттасып, әлемдегі геосаяси жағдай кезіндегі дипломатияның рөлі, Қазақстандағы дипломатия мектебі туралы сұрады.

– Жанболат Қалдыбайұлы, әңгімемізді Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдайда дипломатияның маңызынан бастасақ. Мұндай сәтте Қазақстанның ұстанымы қандай?

– Адамзат тарихындағы барлық соғыс келіссөзбен аяқталған. Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс дипломатиялық келіссөзбен аяқталатыны күмәнсіз. Қақтығысқа қатысты қазіргі жағдайды алсақ, соғыстағы оқиғалар, әскери әрекеттер маңызды болып отыр. Дипломатиялық шешімді табуға бағытталған жұмыстар соғыс басталған күннен бері тоқтаған жоқ. Халықаралық ұйымдар мен мемлекеттердің басым көпшілігі Украинадағы қантөгісті тоқтатуға шақырып жатыр. Кейбір елдер өзінің арнайы бейбіт жоспарын ұсынып, оны іске асыруға тырысып жатыр. Солардың арасында Қытай, Еуропа мемлекеттері, Африка елдері де бар. Бұған қатысты Қазақстанның ресми ұстанымын өте салмақты деп санаймын. Бұл ұстаным ең алдымен Біріккен Ұлттар ұйымының (БҰҰ) басты принциптеріне негізделеді. Яғни, Украинаның саяси егемендігін, аумақтық тұтастығын сақтау деп айтамыз. Сонымен қатар Ресейдің де ұлттық мүдделерінен де бет бұруға болмайды. Мұны өте дұрыс ұстаным деп санаймын.

– Елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәнігі дипломат екені айтылады. Бұл елдің сыртқы саясатында қаншалықты рөл атқарып жатыр?

– Президентіміз сыртқы саясатта ерекше рөл атқарады. Дүниежүзіндегі қай елге қарасақ та, әдетте мемлекет басшылары екі аса маңызды саланы өз қолынан жібермей, практикалық тұрғыдан басшылық етеді. Бұл – қорғаныс саясаты мен сыртқы саясат. Сондықтан президенттер Жоғары әскери қолбасшы және елдің ең лауазымды дипломаты болады. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби дипломат, халықаралық қатынастар маманы екені тиімді. Әлемдегі геосаяси жағдай шиеленісіп жатыр. Оны тіпті ғаламдық геосаяси дағдарыс деп атасақ та қателеспейміз. Осы қиын жағдайда президентіміз батыс болсын, шығыс болсын – әрбір елдің басшылығымен тіл табысып, Қазақстанның абыройын жерге түсірмей, біздің сыртқы саясатымызды іске асыруға жеке үлесін қосып келеді.

– Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов қандай мектеп қалыптастарды? Қазір дипломаттардың мектебі бар ма?

– Қазақстанның қазіргі дипломатиялық мектебі ежелгі заманда қалыптасқан дәстүрлерге негізделеді. Осыған қатысты бір қызық жайтты айтып өтсем деймін. Бірнеше апта бұрын Қытай мемлекеттік архивінде 18 ғасырдағы Цинь империясының Қазақ хандығымен дипломатиялық хат алмасуға қатысты бірнеше құжаты цифрландырылды және жарияланды.

Нәзір Төреқұловтың тарихымыздағы орны бөлек. Ол кісі – Кеңес Одағының құрамында елші дәрежесіне жеткен тұңғыш қазақ. Нәзір Төреқұлов – аты аңызға айналған дипломат. Сол кезде Хиджаз королдігі деп аталатын Сауд Арабиясының басшылығымен бауырлас қатынасты орнатқан. Сауд Арабиясын Кеңес Одағының саяси орбитасына тартқан. Алайда Сталиннің жаппай жазалау саясаты кезінде Нәзір Төреқұлов Мәскеуге шақырылып, өлім жазасына кесілді. Содан кейін Сауд Арабиясы Кеңес Одағымен дипломатиялық қарым-қатынасты үзіп, Америка Құрама Штаттарының серіктесі болып кетті. Нәзір Төреқұлов осылай Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің тарихына әсер етті.

20 ғасырда да бірнеше беделді қазақ дипломаттары сыртқы саясат саласында қызмет атқарды. Олардың арасында Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, Қазақ кеңестік республикасының соңғы сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова, Балжан Бөлтірікова, Михаил Есеналиев секілді тұлғалар да бар.

– Дипломат қандай болуы керек? 

– Дипломат басқа мамандық иелері секілді ең алдымен адами қасиетке ие болуы керек.

Дипломат елін сүйіп, патриот болуы қажет. Әсіресе, шетелде жүрген кезде әр дипломат Қазақстанның беделін арттыруға бар күш-жігерін жұмсауға тиіс. Сонымен қатар әр адаммен тіл табысу, тараптардың қажеттілігі мен талаптарын мұқият зерттеп, өз мүддемізді ұмытпай, ортақ шешімді таба білуі керек.

– Әдетте елімізде лауазымды қызмет атқарып, кейіннен елшілік қызметке жіберілген адамды қызметтен шеттетілді деп қабылдайды. Бұл қаншалықты рас?

– Қазақстанда және шетелде елші лауазымына кәсіби дипломаттар тағайындалады. Кейде министрлік басшылары және басқа лауазымды атқарғандар елші болады. Дипломатия тілінде мұны саяси тағайындау деп атайды. АҚШ пен Ұлыбританияда дипломат ретінде жұмыс істедім, сол себепті осы екі елдің тәжірибесін салыстырсам болады. Ұлыбритания елшілерінің басым бөлігі кәсіби дипломаттар, яғни саяси тағайындау сирек кездеседі. Ал Америкада шенді тұлғаны елші қылып тағайындау жиі болады. 

Қазақстанға келсек, бізде де кәсіби дипломаттар елші қызметіне тағайындалады. Кейде саяси қажеттіліктерге сәйкес, бізде де саяси тағайындаулар болады. Оңтүстік өңірде әкім қызметін атқарғандар Өзбекстан мен Қырғызстанға елші ретінде жіберіледі. Оның себебі де айқын. Түркістан мен Жамбыл облысын басқарған әкімдер өңірдегі проблема, шекарадағы мәселелерді жақсы біледі. 

– Біраз уақыт бұрын Қазақстанның Ресейдегі елшісі жаңа қызметке тағайындалуына байланысты бұрын атқарған қызметінен босатылды. Неге әлі күнге дейін жаңа елші тағайындалмай отыр?

– Ресейде елші тағайындау – стандартты, реттелген, бюрократия жағынан күрделі процесс. Жаңа елшіні тағайындаймын деген мемлекет барушы елге ресми сұраныс ретінде арнайы дипломатиялық нота жібереді. Ол нотаға кандидаттың толық өмірбаяны қосылады. Барушы ел бұл құжаттарды егжей-тегжей қарастырып, біраз уақыттан кейін өзінің келісімін береді. Француз тіліндегі халықаралық терминді пайдаланып, дипломатия саласында бұл келісімді агреман деп атайды. Сол агреман түскеннен кейін ғана елшіні жіберуші мемлекет өзінің жаңа елшісін ресми түрде тағайындай алады. Сондықтан Ресейдегі Қазақстанның жаңа елшісін тағайындау процесі әдеттен тыс ұзақ мерзімге созылып жатыр деуге негіз жоқ. 

Жаңа елшінің кандидатурасына келісім беру біраз уақытта талап етеді. Мемлекет басшылығы да бұл маңызды дипломатиялық лауазымға лайықты кандидатты тағайындайды деп ойлаймын. 

– Қазақстан үшін сыртқы саясатта қай елдің маңызы зор?

– Әрбір мемлекет үшін сыртқы саясат қосалқы рөл атқарады. Оның басты мақсаты – елдің ішкі дамуы үшін тиімді сыртқы жағдайды қамтамасыз ету. Бұл жағынан Қазақстан үшін маңызды елдерді атау өте оңай. Біз үшін ең алдымен көрші елдер маңызды рөл атқарады. Қазақстанның ашық теңізге шыға алмайтыны белгілі. Сондықтан сыртқы саудамыз көрші елдердің аумағына толық тәуелді. Оның ішінде Қытай, Ресей мен бауырлас Орталық Азия елдері бар. Бұл елдермен қарым-қатынасымыз әрдайым жақсы және тиімді болуы керек.

Біздің мұндайды шетелдегі сатып алушыларға жеткізуде транзиттік көмек көрсететін Каспийдің арғы жағындағы Әзербайжан бар, тағы маңызды елдердің қатарында Иран мен Ауғанстанды атауға болады. Келешекте геосаяси жағдай түзеліп, барлық саяси мәселе шешілсе, бұл екі мемлекет Оңтүстік Азия өңіріне тауар жеткізетін сауда-экономикалық дәліз қызметін атқаруы мүмкін.

Сондай-ақ біздің ірі шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерімізді ұмытпауымыз керек. Олар: Америка Құрама Штаттары, Түркия және Еуропалық одақ елдері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама