×

Солтүстік Ирландия ашуын бізден алғысы келіп тұр – Магомед Адиев

Алаңның ортасында допқа талас көп болады

 Дастан Жұмабекұлы 19.06.2023 | 10:02
фото: Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев Солтүстік Ирландия командасымен ойын алдында БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат беріп, сұрақтарына жауап берді.

- Магомед Мұсаұлы, Солтүстік Ирландиямен өтетін ойыннан не күтесіз?  

- Салмақты әрі қиын ойын болады. Олар өз алаңында соңғы рет сәтсіз ойнады. Сол себепті Солтүстік Ирландия ашуын бізден алғысы келіп тұр.

- Солтүстік Ирландия құрамасының бас жаттықтырушысы: «Қазақстан құрамасына талдау жасау қиын. Ойыншылары да аса танымал емес», деген екен. Қарсылас команда Қазақстан құрамасын жақсы білмесе, бізге жақсы ма? Қалай ойлайсыз?

- Талдау жасау қиын деген сөзімен келіспеймін. Өйткені, командаға талдауды жаттықтырушы жасайды. Сондықтан бізге одан келіп-кетер ештеңе жоқ. Біздің ойыншыларды бәрі біледі. Сырттай бақыласын, көрсін. Ешқандай проблема жоқ.

- Абат Айымбетов құрамаға қайта оралыпты. Абат сіз үшін өте маңызды ойыншы ма? 

- Біз үшін әр футболшы маңызды. Абат көптеген ойында нәтиже алып келді. Гол соқпаса да команда үшін бар күшін салады.  

- Солтүстік Ирландия британдық футбол ойнайды. Допқа таласады. Көп жүгіреді. Ойын қалай болады деп ойлайсыз?

- Иә, олар баяғыдан бері солай ойнайды. Көп жүгіруге тура келеді. Қапталдағы ойыншыларды қосуға талпынады. Тартысты ойын болады деп ойлаймын. Сондықтан бізге алаңның ортасында ойынды өзгертіп отыру керек. Алаңның ортасында допқа талас көп болады.

- Өткен ойыннан кейін ойыншылардың барлығы қатарда ма? Қазақстан құрамасы қорғанысқа көп көңіл бөле ме? 

- Барлық ойыншы қатарда. Ешқандай проблема жоқ. Ойын туралы айтатын болсам, менің ұстанымымды жақсы білесіздер. Алдағы кездесуде барлығы алаңның ортасындағы ойынға байланысты болады. 

- Сан-Мариномен матчқа қатыспаған жігіттер тізімге кірді ме?  

- Ойланамыз. Үш ойыншы тізімге кірген жоқ. Оның біреуі орталық қорғаушы. Менің шешімім жігіттерге ұнамауы мүмкін.  Мен таразы басында команданың нәтижесі мен жігіттірдің реніші тұрса, біріншісін таңдаймын. Менің ұстанымым сол. Бізге нәтиже керек. Өз сөзімде тұрамын.

- Біздің топтағы төрт команданың алты ұпайы бар. Соңғы турға дейін матчтар тартысты болады деп ойлайсыз ба? 

-Біздің топ - қиын топ. Оны іріктеу басталмай тұрып айтқанмын. Барлығы ұпай жоғалтады деп айтқанмын.  Соңғы турға дейін солай болатын шығар. Оған таңғалмаймын. 

-Сан-Мариномен ойынға көңіліңіз тола ма?

-  Алғашқы тайм жақсы болды деп айта алмаймын. Біздің ойыншылар позициялық шабуыл жасай алмады. Бірінші таймның соңына қарай гол салып, ашыла бастадық.

Екінші таймда жасыл алаңға ойын мәнері басқа футболшылар шықты. Біз жоспар бойынша ойынның қарқынын бәсеңдетуге тырыстық.  Сол ойымыз іске асты. Әдемі ойынды көрсетпей,  үш ұпайды алуды көздедік. Мақсат қарсыласты жеңіп, Солтүстік Ирландияға дайындалу болды. 

Сан-Марино құрамасы жақсы қорғанды. Ойындарында жүйе бар екен. Олар бізбен жақсы ойнады. Өздерін еркін ұстап, еркін ойнады. Бірақ оларды ойын жүйесінен шығарып тастадық.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама