×

Іздеу жарияланған Мәсімов шекарадан шыққан жоқ – ІІМ

Кәрім Мәсімовтің немере інісі пара алды деген күдікке ілініп, оған іздеу жарияланды

 Халық үні 24.04.2022 | 03:47

Елордадағы қалалық сенбілікке қатысқан Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пара алды деген күдікпен іздеу жарияланған Кәрім Мәсімовтің немере інісіне қатысты тың деректер айтты. Министрдің пікірінше, Нұрлан Мәсімов шетелге қашып үлгермеген.

Қазір осыған байланысты іздеу амалдары жүріп жатыр. Біздегі дерек бойынша ол шекарадан шықпаған, - деді министр.

Қазір бұл істі қауіпсіздік қызметкерлері мен тергеу саласының мамандары бірігіп тергеп жатыр. Осы қылмыстық іс бойынша Павлодар облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары ұсталған. Ол бюджеттің қаржысын жымқырған деген күдікке ілінді.

Еске салайық, 22 сәуірде Павлодар облысы полиция департаментінің экс-бастығы полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімовке қатысты аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Осы факті бойынша оның іс-әрекеті сырттай сараланып, Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды.

Нұрлан Мәсімов – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере бауыры. Ол 17 қаңтарда Ішкі істер министрінің бұйрығымен Павлодар облысы ПД бастығы қызметінен босатылды.

Нұрлан Мәсімов 2019 жылдың қарашасында Павлодар облыстық Полиция департаменті бастығы болып тағайындалды. Оған дейін Алматы облысында Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, Алматы қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, Ішкі істер министрлігінің Жетінші департаментінің бастығы қызметін атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама