×

Университет мүлкінің «ту-талақайы шыққан»  – Мәжіліс депутаты (ВИДЕО)

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне ұрланған мүлікті қайтару керек, – деді Ерлан Саиров

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2023 | 15:06
фото: ашық дереккөз

Бүгін Парламентте Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров тағы да Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне ұрланған мүлікті қайтару мәселесін қозғады. Ол бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған сауалында университеттің мүлкінің «ту-талақайы» шыққанын айтты.  

«AMANAT» партиясы еліміздегі заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселесіне ерекше назар аударады.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ оқытушы-ғалымдары Мәжіліс депутаттарына университеттен заңсыз шыққан активтерді оқу орнына қайтару туралы өтініш жасады, –  деді ол.

Оның айтуынша, университет ұжымы басқа меншік иелеріне заңсыз өткен активтер тізімімен таныстырды. 2001-2022 жылдары 3 студенттік жатақхана (1000 төсек-орындық), 5 оқу-зертханалық корпус (18828,5 шаршы метр) әкімшілік-шаруашылық ғимараттар және өзге де жылжымайтын мүлік объектілері (700 шаршы метр), университет ғимараттарына іргелес жер учаскелері (шамамен 5 га), Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан университеттің оқу-тәжірибелік шаруашылығындағы жер учаскелері (12 га) қолды болып кеткен.

Қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, университет мүлкінің «ту-талақайы шыққан». Осы ғимараттарды иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында тұрғын үй кешендерін салып, студенттердің, оқытушылардың мазасын алып, жатақханаларды қонақ үй етіп қайта жабдықтап, караоке, басқа да түнгі ойын сауық орындарын жасап, жын-ойнаққа айналдырған.

Кейбір оқу корпустары бизнес орталықтары болып шыға келген.

Аталған фактілер жеткіншек ұрпақтың моральдық-рухани әлеміне ойсырата жасалған соққы, әділеттілік, ұят принциптерін таптау болып табылады!, – деді депутат.

Осыдан кейін ол университет ұжымы активтерді сату немесе оларды сенімгерлік басқаруға беру туралы барлық шешімдер бұрынғы ректор Т. И. Есполовтың тұсында қабылданғанын, Бас прокуратура елімізде заңдылықты бақылап отыратын орган ретінде университеттің мүлкін қайтару керектігін атап өтті.

Оның айтуынша, біріншіден, заңсыз қолды болған активтерді қайтару комиссиясы аясында аталған ғимараттардың мемлекет меншігіне қайтарылуын жедел қамтамасыз ету керек. Екіншіден, 2001-2022 жылдары осындай заңды белшесінен басып, барып тұрған бассыздыққа барған шенеуіктердің заң алдында жауапкершілігін анықтау керек. Үшіншіден, тиісті мекемелер еліміздегі басқа да жоғарғы оқу орындарының меншікті заңсыз беру мәселесіне аудит жүргізуге тиіс.

Сауалға заңда белгіленген мерзімде, дәлелді жауап қайтаруды сұраймыз, деп айтты ол сөз соңында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама