×

Тоқаев ядролық қару қолдану қаупі туындағанын айтты

Президент мемлекеттер арасында сенімсіздік артқанын атап өтті

 Дәурен Ерболат 08.06.2023 | 12:31
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде жарты ғасырда алғаш рет ядролық қару қолдану қаупі туындағанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президенттің айтуынша, мәдениет пен құндылықтар арнасындағы іркілістер экзистенциалды қатерге айналып келеді.

«Бұл қатер барған сайын күрделеніп отыр. Себебі, дезинформация кеңінен таралып жатыр және барған сайын қауіпті болып барады. Жасанды интеллектен бастап биотехнологияға дейінгі жаңа технологияның жаһандық әсері қаттырақ сезіле бастады.

Дегенмен, оларға бағытталған жұмыс тек тар шеңбердегі ұлттық шекараларда жүріп жатыр. Бұл факторлар жаһандық тәртіпке қысым көрсетіп, айнымалы мәселелерге итермелейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында.

Президент мемлекеттер арасында сенімсіздік артқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл қауіпсіздік режимі мен ядролық жаппай қырып-жою қаруын таратпау тетіктерінің аясында жұмыс істейтін халықаралық форумдардың қызметіне кері әсер етеді.

Осылайша, біз белгісіздікке, тұрақсыздық пен қақтығыстарға тап болып отырмыз. Бұл қорғаныс шығындарын, әрі ештеңеге кепілдік бермейтін жаңа қару-жараққа жұмсалатын шығындарды арттыруға итермелейді. Оның дәлелі де бар. Жарты ғасырда алғаш рет ядролық қару қолдану тәуекеліне тап келдік, - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенконың мәлімдемесіне жауап берген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама