×

Қолжазба мұра мен сирек кітаптарға қамқорлық қажет – сенатор

Түркітілдес елдердің алдыңғы қатарында тұрған Түркияның көне қолжазбалар мен кітаптарға деген ықыласы ерекше

 Айнұр Шошаева 28.05.2023 | 11:52
фото: ашық дереккөз

Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында 1500-дей бума бар. Онда араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған ескі қолжазбалар жинақталған. Тасбаспамен шыққан және литографиялық кітаптарды осыннан табуға болады. Кейіннен жазып алынған аудиотаспалар да бар. Одан өзге де құнды дүниелер өте көп. Соның жартысынан көбі цифрлық жүйеге көшірілген. Дегенмен ол тоқтап қалуы мүмкін, деп хабарлады Halyq uni.

Сенат депутаты Алтынбек Нухұлының айтуынша, алыстағы Америка болсын, Батыстағы елдер болсын, Түркия, мына іргедегі Өзбекстанның өзінде жоғары дәрежеде қойған. Үлкен қаражаттар бөлген. Біз осы жағына келген кезде құнсыздық танытып отырмыз десек болады. Сондықтан оны орнына келтіру үшін мемлекеттік комиссия құрып, сол арқылы мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасалынатын болса, онда тарихтағы жаңалықтарымыз да, жаңа жағынан, жаңғыру жағынан болар еді.

 Депутат дамыған елдерде көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптарды сақтау мәдениеті қалыптасқанын атап өтті. Мәселен, Америка, Англиядағы ғасырлар бойы жинақталған қорлар, Батыс Еуропадағы Рим, Ватикан, Париж, Берлин сияқты ірі қалаларда қолжазбалардың сақталуы мен жүйеленуі, ғылыми тұрғыдан зерттелу дамыған. Сондай-ақ Иран, Мысыр сияқты Шығыс елдерінде өкениеттен қалған қолжазбалар қоры бар, Қытай, Жапон елдерінің қолжазба сақтау дәстүрі қалыптасқан.

«Бұл салада түркітілдес елдердің алдыңғы қатарында тұрған Түркияның көне қолжазбалар мен кітаптарға деген ықыласы ерекше. Өзіміздің іргемізде отырған туысқан өзбек еліндегі жағдай да бізден көш ілгері. Ташкенттегі Шығыстану институты сирек кітаптар мен көне қолжазбалар қорын қайта жасақтау жолында жаңа зәулім ғимарат салып, іші әлемнің ең озық технологиялық құралдарымен жабдықталған. Көне мұраға әуестік танытқан шетелдік ғалымдар қазір Ташкентке ағылып жатыр. Бұл елдерде Мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлініп, жеке коллекциялардағы қолжазбалар мен сирек кітаптарды сатып алып, әлемнің түкпір-түкпірінен олардың көшірмелерін алдыртып, түркі елдерінің жазба мұрасының мол қорын байыта түсуде. Осы елдердің барлығында қолжазбалардың мемлекеттік тұрғыдағы тізімі (реестрі) жасалған және олар тарихи-мәдени ескерткіш ретінде қорғалады, тіпті біразы ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп, халықаралық рухани мұраға айналған», - деді ол өзінің депутаттық сауалында.

Оның мәліметінше, Қазақстандағы түпнұсқалық қолжазбалардың негізгі дені – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Орталық ғылыми кітапханасында тұр. Бүгінде жалпы көлемі 3 650-дей бумада қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар, т.б.) ескі қолжазбалар жинақталған, олардың ең көнелеріне 700-800 жыл болған. Сирек кітаптар қоры – 150 мыңға жуық.

Еліміздегі Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және спорт министрліктеріне қарасты бірнеше ұйымдар мен мекемелерде сақталған қолжазба мұраның мемлекеттік тізімін, яғни реестрін жасап, олардың бірегей электронды базасын құрып, ортақ жүйе жасау, толықтай цифрлық жүйеге көшіру, каталогтарын шығару, типологиялық зерттеулер жүргізу арқылы ғылыми жолға қою қажет, - деп толықтырды сөзін депутат.

Сондай-ақ аталған қорларда дүние жүзінде жоқ құнды жәдігерлер бар екенін ескере отырып, оларды алдымен кирилл қарпіндегі қазақ тіліне, сосын орыс және ағылшын тілдеріне аударып, әлемдік ғылыми айналысқа түсіру керек деп есептейді.

«Көне түркі, шағатай, арап әліпбиі (қадым, жәдит, төте) жазуларындағы таңбаларды еркін оқитын, оларды кодикологиялық тұрғыдан зерделей алатын ғалым-мамандар дайындауды Ұлттық зерттеу университеттеріне жүктеген дұрыс. Бұл жазу-графикаларын білетін елге оралған ғалым-қандастарды осы іске тартуды да ұмытпауымыз керек. Бар мамандардың біліктілігін арттыру үшін Түркия, Иран, Қытай сияқты қолжазбатану саласы дамыған елдерге тәлімгерлікке жіберу қажет», - деді Алтынбек Нухұлы депутаттық сауалында.

Бұған қоса, ол арнайы экспедициялар ұйымдастырып, әлемдегі Қазақстанға қатысы бар деректерді жинау қажеттігін атап өтті.

«Сонымен бірге, жеке азаматтардың сандықтарында жатқан кітаптар мен қолжазбаларды сатып алу мәселесін қарастыру керек. Қолжазбалардың құндылығын анықтайтын Сараптамалық кеңес құрып, оның заңдылық мәртебесін бекіту, қолжазба иесінің авторлық құқығы мен иелік құқығын реттейтін заңнамалық ережелерді де бекіту жолдарын қарастыру қажет», - деді Алтынбек Нухұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама