×

Асхат Аймағамбетов медицина саласын тағы сынға алды

Депутат құжатта Президент тапсырмалары жеткілікті дәрежеде ескерілмегенін айтты

 Халық үні 23.05.2023 | 11:39
Асхат Аймағамбетов, фото: Halyq Uni

Медицина қызметкерлерінің мәртебесіне қатысты заң жобасына түзетулер енгізіліп, Үкіметке қайта жіберілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Парламент сессиясының ашылуында қолданыстағы заң жобасындағы бірқатар кемшіліктерді Мемлекет басшысы да атап өткен еді.

Заң жобасын әзірлеу кезінде осыған қатысты Президенттің тапсырмалары да жеткілікті дәрежеде ескерілмегенін көріп отырмыз. Сарапшылар мен медициналық қауымдастықтың көптеген сұрақтары ашық күйінде қалуда, - деді депутат.

Депутаттың айтуынша, уәкілетті орган бірқатар ұстанымды әлі күнге дейін қайта қарамаған және заң жобасы бойынша ең өзекті мәселелер шешімін таппаған.

Заң жобасын айтарлықтай жетілдіру, медицина қызметкерлері үшін қосымша әлеуметтік қолдау тетіктерін енгізу, медициналық көмекті қолжетімді және сапалы ету үшін барлық ескертулерге назар аудару қажет деп санаймын, - деді Асхат Аймағамбетов.

Комитет төрағасы бұған дейін де медициналық сақтандыру жүйесі туралы мәселе көтеріп, премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған еді.

Еске салайық, Асхат Аймағамбетов – Мәжілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. Комитет құрамында 17 депутат бар. Әлеуметтік саладағы 6 министрліктің бағыты бойынша жұмыс жүргізіледі (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ақпарат және қоғамдық даму, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктері).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама