×

«Олар сіздің командаңызда болуға лайық емес»: 50 отбасының атынан келген зейнеткер Тоқаевқа үндеу жасады

Зейнеткер экс-депутаттардың кесірінен 50 отбасының құқығы тапталып отырғанын айтты

 Наима Нұрәлі 18.05.2023 | 17:00

«Қайнар, Ермек Абасовтар 1877 гектар жерімізді тартып алды, малқорамыздан айырды, жалған құжат жасатып 112 тонна бидайымызды сатып жіберді», дейді Түркістан облысының тұрғыны Батырхан Исақұлы. Ордабасы ауданындағы 50-ден аса отбасының мәселесін даулап Астанаға арнайы келген қария мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.

Батырхан – I топтағы мүгедек, көзі дұрыс көрмейді, құлағының мүкісі бар. Ордабасы ауданына қарасты Бөржар ауылдық округінде бидай егумен айналысатын «Ықылыс-Темір» өндірістік кооперативінің бұрынғы төрағасы. Батырхан Исақұлы кәсіпорынды 2016 жылдың 18 сәуірінен 2018 жылдың 31 наурызына дейін басқарған.

Айтуынша, экс-депутаттар Ермек Абасов пен Қайнар Абасов сол жылдардағы Ордабасы ауданы әкімі және аудандық полиция бөлімінің басшысымен ауыз жаласып, «Ықылыс-Темір» өндірістік кооперативінің 1877 га жерін жалған құжатпен 38 адамның атына аударып жіберген.

2016 жылы кооперативтің 7 басқарма мүшесі болып, қылмыстық іс қозғаттық. Алайда 1 жылдан соң қылмыс құрамы жеткіліксіз деп, істі жауып тастады. 2016 жылы 75 га жерімізге "элита" бидайын ектік. Сонда 150 тонна бидайдың 112 тоннасын бірнеше адам тартып алды. Бұл бойынша да іс жылы жабылып қалды. Олигарх атанған Абасовтар қылмыстық істі тоқтату үшін қолынан келгеннің бәрін жасап отыр. Осындай бассыздық кесірінен инсульт алып, жанарымнан айырылдым. Құлағым да естімейді. 6 жыл өтсе де, мәселе шешімін таппады, – деді Б.Исақұлы.

72 жастағы ақсақал бұл жағдайдың Жансейіт Түймебаевтың тұсында (Түркістан облысының экс-әкімі) басталғанын, сондай-ақ қазіргі өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қабылдауына кіре алмай жүргенін жеткізді.

«Бұл мәселеде жәбірленуші жалғыз өзім болсам, 72 жасымда бұлай құжат тола дорбамды арқалап жүрмес едім. Артымда кооперативке 1996 жылдан бері мүше 50-ден аса отбасы тұр. Олар өздеріне тиесілі жерді алса, диханшылықпен айналысып, күнін көреді. Жердің бізге тиесілі екенін дәлелдейтін құжаттар бар. Ал экс-депутаттар жалған құжат жасап, иемденіп алған. Менің алдымда басқарған төрағаны жазықсыз 3 жылға соттап жіберді. Мені де түрмеге отырғызбақ болды, шындықтың арқасында ғана аман жүрмін. Осы мәселемен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауына кірейін десем, кездестірмейді. Әкім қабылдамайды. Бұл қылмыс Түркістан облысын Жансейіт Түймебаев басқарған тұста болды. Ал енді неге Дархан Сатыбалды мені тыңдағысы келмейді? Заң неге орындалмайды? Жаңадан сайланған депутаттарға айтарым, заң шығарудың қажеті жоқ, заңның орындалуын қадағалау керек», - деді кәсіпкер.

Тек өзінің емес, тұтас ауыл халқының құқығы бұзылып отырғанын айтқан зейнеткер Тоқаевқа үндеу жасап, көмек сұрады.  

 «Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов пен оның орынбасарларының сіздің командаңызда жұмыс істеуге хақысы жоқ. Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Алтынбеков және Бөржар ауылы округы әкімінің орынбасары Батыр Дүйсенбаевтың да қылмыстық іске қатысы бар. Қызметін асыра пайдаланған Абасовтар жазасын алуға тиіс. 1877 гектар жерімізді қайтарып берсін. Сондай-ақ 112 тонна бидайдың қазіргі құны – шамамен 18 млн теңге, оны да қайтарсын. Бір кездері заңсыз иемденген – құны 47 млн теңге болатын малқорамызды талап етеміз. Қылмыскерлер заңды түрде жазасын алсын. Сонда ғана әділдік орнайды», - дейді зейнеткер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама