×

АИТВ жұқтырған әйел өмірге дені сау сәби әкелді (ВИДЕО)

Бүгінде Шымкенттегі ЖИТС орталығында 2 мыңға жуық адам есепте тұр

 Дастан Жұмабекұлы 18.05.2023 | 11:13
Фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласында АИТВ (ВИЧ) жұқтырған әйел өмірге дені сау сәби әкелді. Бұл туралы видеосюжет otyrar.kz-те жарияланды.

АИТВ (ВИЧ) жұқтырған әйелдің аты-жөні – Индира Атажанова. Ол осы аурумен ұзақ жылдар бойы өмір сүріп келеді. Оның тұңғыш баласына да осындай диагноз қойылған. Бірақ, otyrar.kz-тің хабарлауынша, ол ешқашан мойыған емес. Керісінше, ауруға қарсы тұрып, қажетті ем-домын алып, екінші рет тұрмысқа шығып, өмірге дені сау бала әкелді.

Индира Атажанованың айтуынша, ол АИТВ инфекциясын жұқтырғанын ешкімнен жасырған емес. Осы ауруға шалдыққанын 2007 жылы біліпті. Тұңғыш перзенті де осы дертке шалдыққан. Сол кезде баласы үшін уайымдап, өмір осымен бітті деген де ойлары болған екен. Алайда жас ана қайта күш жинап, ауруға берілмеуге тырысқан.

Мен өзім үшін емес, тұңғыш балам үшін уайымдадым. Туған-туыстарым, жолдасым не айтады екен деп ойладым. Өйткені мен бұл туралы білгенде адамдардың түсінігі басқаша еді. Маған өте қорқынышты болды. Бұл инфекциямен тек есірткімен айналысатындар, жезөкшелер ғана ауырады деп ойлайтынмын, – деді ол тілшіге жауабында.

Содан кейін Индира ауруды зерттеп, ЖИТС орталығына тіркеліп, әрі қарай өмір сүру керектігін ойлап, дәрі-дәрмек қабылдап отыруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, ол 17 жыл бойы тұрақты дәрі-дәрмек ішіп отырды. Соның арқасында өмірге деген көзқарасын өзгертіп, болашақ күйеуімен танысып, екінші рет тұрмысқа шығады.

Индира тұрмысқа шығар алдында болашақ жұбайына бәрін айтқан екен.

Оған бәрін айттым, ештеңені жасырғам жоқ. 2020 жылы өмірге сәби алып келдім. Ол қазір 3 жаста. Жолдасымда да, баламда да ешқандай инфекция жоқ. Анықтау тестілері теріс нәтиже көрсетті. Яғни, толық дені сау баланы өмірге әкелдім, – деді ол.

ЖИТС орталығының мәліметіне қарағанда, қазір АИТВ жұқтырғандардың иммунитетін жақсарту үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, адамдар тұрақты түрде келіп, тексеріліп отыру керек. Вирус анықталған бойда, ем қабылдаудан қашпау қажет.

Орталықта инфекциямен ауыратындарға барлық дәрі-дәрмек тегін беріледі. Барлығы дәрі-дәрмекті осы орталықтан алады. Жалпы, дәрі-дәрмектің бірнеше түрі бар. Яғни, бір дәрі қабылдағанымен бірнеше препарттың орнын басатындары да кездеседі.

Бүгінде Шымкенттегі ЖИТС орталығында 2 мыңға жуық адам есепте тұр. Мамандардың айтуынша, кез келген қала тұрғыны жұмыс уақыты кезінде орталыққа келіп, АИТВ-қа қан тапсыруға болады. Жауабы екі күнде дайындалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама