×

Украинамен соғыста Ресейдің қаза тапқан әскері 200 мың адамға жақындады

Кремльдегілер өз ажалынан өлмейді, – деді Зеленский

 Дастан Жұмабекұлы 16.05.2023 | 14:57
фото: ашық дереккөз

Қазір Украинадағы соғыста көз жұмған ресейліктердің саны 199 980 адамға жетті.

Майдан елдің оңтүстік-шығыс облыстарында болып жатыр. Әсіресе, Бахмут қаласының бағытында кескілескен шайқас жалғасуда. Украина Қарулы күштерінің полковнигі Анатолий Штефанның айтуынша, Бахмут бағытында Ресей әскері қарсы шабуылға төтеп бере алмай, кері шегініп жатыр. Мысалы, АҚШ соғыс зерттеу институтының хабарлауынша, УҚК Бахмут маңындағы кейбір ауылдарды Ресей әскерінен тазартқан. Жалпы босатқан жер көлемі әзірше 16,85 шаршы шақырым болып тұр.

Бұдан басқа, РФ Қарулы күштері басып алған жерлерге қарудың түр-түрінен соққылар жасалып жатыр. Оккупациядағы Запорожье облысының Токмак елді мекеніне HIMARS снарядтары келіп түскен. Одан бөлек, Луганск қаласындағы Ресей офицерлері орналасқан жатақхана зымыранмен атқыланған. Бұл жерде сепаратистердің Ішкі істер минстрі Игорь Корнет жараланған. Луганскіні соққының астына алу әлі жалғасуда.

Клищевка елді мекенінде де жағдай ушығып тұр. Мұнда РФ-ның қолбасшыларының көзі жойылған. Атап айтқанда, Клищиевкада 2АК қолбасшысының орынбасары, 4-мотоатқыштар бригадасының командирі, штаб бастығы қаза тапқан. Ал 4-мотоатқыштар бригадасы командирі орынбасарының жағдайы өте ауыр делінуде. Сонымен бірге 20 адамға жуық медицина қызметкері мен солдаттардың көзі жойылды. Қару-жарақ пен техникадан түк қалмады.

Өткен аптада Ресейдің Брянск облысында екі тікұшақ пен екі жойғыш ұшақ құлатылды. Қолда бар мәліметке қарағанда, төрт әскери ұшақ та Украина шекарасына жақын маңда құлатылған. Су-34 және Су-35 бомбалаушы истребительдері мен екі бірдей Ми-8 тікұшақтарынан ештеңе қалмаған. Олардың экипаждары аман қалмаған. Атып құлатылған төрт техника да бір әуетобына кіретін техникалар.

БАҚ-та жарияланған дерекке сүйенсек, истребительдер Украинаның Чернигов облысын бомбалау үшін әуеге көтерілген. Ал Ми-8 тікұшақтары бомбалаушы ұшақтарды қорғау үшін ұшырылған. Тікұшақтардың тағы бір міндеті – Су ұшақтары шабуылға ұшыраса, экипаждарын құтқару болған. «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожиннің айтуынша, оларды Ресей ұшақтарының өзі қателесіп атып құлатқан.

Осындай жағдайда Украина Қарулы күштері шабуылда одан әрі жалғастыруда. Осыған байланысты Украинаның президенті Владимир Зеленский өткен жетіден бері Еуропа елдеріне сапарға шықты. Ондағы мақсат – НАТО-ның соны технологиямен жасалған қару-жарағын алып, Ресейге қарсы шабуылға шығу. Бірақ, Зеленскийдің өзі бірнеше рет қарсы шабылдың уақыты әлі келмегенін айтты.

Қарсы шабуыл болады. Бірақ, бізге әлі уақыт керек, –  деді ол бір сұхбатында.

Зеленский Германияға сапарында осы елдің канцлері Олаф Шольцпен кездесіп, оны қару-жарақ беруге көндірді. Енді ГФР Украинаға жаңа көмек пакетін жариялайды. Оның көлемі –  2,7 млрд еуро. Бұл туралы Der Spiegel хабарлады. Ал көмекке Германия 20 дана Marder БМП-ларын, 30 дана Leopard 1 танктерін, 18 дана доңғалақты гаубицаны, 4 дана IRIS-T-SLM ПВО кешенін, 12 дана IRIS -T-SLS қондырғысы мен осыларға арналған зымырандарды, 200 барлаушы өзұшар аппаратты,  200 түрлі ұрыс көліктері және басқа да қару-жарақты беруге келісімін берді.

Германияға сапарында Зеленский марапатталып та қайтты. Оған Олаф Шольц  «Еуропа халқын біріктіруге қосқан үлесі үшін» Ұлы Карл сыйлығын тапсырды. Бұл сыйлықты кезінде Уинстон Черчилль, Генри Киссинджер, Ангела Меркель, Рим Папасы Франциск және басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері алған болатын.

Зеленский Германияда әскери базаға барып, украин сарбаздармен кездесті. Ол кездесуде жауынгерлерге қайрат беріп, сөз сөйледі.

Германияда еліміздің абыройын биіктен көрсетіп жүргендеріңізге рақмет! Біз бүгін канцлермен әңгімелестік.  Барлығы біздің Қарулы күштерімізді сыйлайды. Біз бәріңізді елде күтеміз. Келген соң майдандағы армиямызды одан ары күшейтіңіздер, –  деді ол.

Одан кейін ол Шольцке Германияның украин жауынгерлерін жаттықтырып жатқаны үшін тағы да алғыс айтты.

ГФР-ға сапарынан кейін Украина басшысы Францияға барып, президент Эмманюэль Макронмен жолықты. Бұл елдің басшысымен де қару-жарақты жеткізу мәселесі сөз болды. Одан әрі Зеленский Ұлыбританияға барып, премьер-министр Риши Сунакпен кездесті.

Корольдік Үкіметінің басшысы Украинаға 200 шақырым қашықтыққа соққы жасай алатын өзұшарлар мен әуе қорғанысына арналған жүздеген снаряд беретінін мәлімдеді.

Қазірдің өзінде Ұлыбритания Украинаға қарсы шабуылға алыс қашықтыққа жететін Storm Shadow зымыранын жеткізіп берді. Бұл қанатты зымыран Ресейдің ішкі территориясына да жетеді.

Соңғы күндері Батыс елдері Украинаға 28 ұшақ, 575 танк берді. 14 ұшақ пен 325 танкіні Польша жеткізді. АҚШ Қарулы күштерінің Еуропа мен Африкадағы қолбасшылығының спикері О'Доннелл айтуынша, Украина қарсы шабуылға 600 түрлі қару-жарақ пен техника алды. Енді күзге дейін АҚШ-тың «Абрамс» танктері жеткізіледі.

Батыс елдерінің Украинаның қаруландыруы одан әрі жалғасады. Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов өз елінің соғысты қысқа дейін аяқтағысы келетінін, сол үшін қарсы шабуыл бірнеше рет болатынын айтты. Ал Зеленскийдің пікірінше, Кремльдегілердің ақыры жаман болады.

Мен олардың қашан қалай құритынын білмеймін. Неғұрлым жылдам болса деймін. Бірақ, бір анық нәрсе бар. Олар өз ажалынан өлмейді, –  деді ол.

Қазір Украина мен Ресейдің арасындағы соғысты осындай жағдайға жеткізбей, тез аяқтау үшін Қытай елі де арағайындық жасағысы келіп жүр. Осы мақсатта Қытайдың арнайы өкілі Украина, Ресей, Еуропа елдерін аралауға шығады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама