×

«Мемлекетке ешқандай залал келтірген жоқпын». Біртанов сотта мәлімдеме жасады

Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы да ұзартылды

 Жандос Байділда 12.11.2021 | 19:03
Елжан Біртанов, экс-министр

Денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы 2 айға ұзартылды.

Сот экс-министрдің өтінішін елемей, осындай шешім қабылдады. Біртанов өзінің кінәлі емес екенін, кінәсін дәлелдейтін деректердің жоқ екенін алға тартты. Сондай-ақ экс-министр елден қашпайтынын және өзінің еш кінәсі жоғын да дәлелдейтінін жеткізді. Онымен қоса, ол жауапты органдар бұл істе қарастырылып жатқан материалдарды қорғаушыларға бермей жатқанын, соның салдарынан жауап беруші тарап тағылып жатқан айыптың мән-жайын зерттей алмай жатқанын айтты.

Бұл істің қылмыстық құрамы жоқ. Менің қызметімді асыра пайдалануымды дәлелдейтін деректер де жоқ. Мемлекетке ешқандай залал келтірген жоқпын. Ақпараттық платоформа келісімге сәйкес қолданысқа алынды. Ол жұмыс істейді. Осы орайда мені үйде қамау туралы шешімді жоюды талап етемін. Сондай-ақ бұл іске қатысты барлық материалды бізге беруді сұраймыз. Біз де оларды зерттегіміз келеді, - деді экс-министр.

Айта кетейік, Елжан Біртанов Мемлекет басшысының жарлығы бойынша 2020 жылдың 25 маусымында Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылған.

2020 жылдың 3 қарашасында экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.

2020 жылдың 7 қарашасында төрт айға үйқамаққа алынды;

2021 жылдың 12 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты экс-министрдің үйқамақтағы мерзімін наурыз айының соңына дейін ұзартты;

2021 жылдың 6 мамырында сот Елжан Біртановтың үйқамақ уақытын 14 маусымға дейін созды;

2021 жылдың 9 маусымында Біртановтың үйқамақ уақыты 14 шілдеге дейін созылды;

2021 жылдың 14 шілдесінде сот экс-министрдің үйқамақ мерзімін 14 қыркүйекке дейін ұзартты;

2021 жылдың 14 қыркүйегінде экс-министрдің үйқамақ мерзімі 14 қарашаға дейін ұзартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама