×

Жазушылар одағы бәрімізге ортақ – Нұржан Қуантайұлы

Әдеби өмір – саяси дода емес, әдебиет процесіне қызмет ету, - деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 12.05.2023 | 15:09
Фото: ашық дереккөз

Бүгін Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстан ақын-жазушыларының кезекті ХVІ құрылтайы өтті. Осы басқосуда жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ оның орынбасарлары болып Нұржан Қуантай, Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибек және Бейбіт Сарыбай тағайындалды.

Басқарма жиынында Жазушылар одағы төрағасының орынбасары болып тағайындалған белгілі қаламгер Нұржан Қуантайұлы одақтың қызметі мен жұмысына қатысты ойларын айтты.

Құрметті Құрылтай делегаттары! Ардақты ақын-жазушылар! Біздің қазақта дәстүр сабақтастығы деген бар. Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер дегендей, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек аға Есдәулеттен кейінгі ағаларымыздың буыны келетін болар деп ойлап едік, өкінішке қарай, олай болмады. Оның үстіне, бұрынғыдай емес, осы жолы, өздеріңіз жақсы білесіздер, төрағаның кім болатыны, қандай команда келетіні Құрылтай болатын күн қыр желкемізден төніп келгенше ешкім ештеңе білмеді. Көңіл күпті болатын. Міне, осы кезде біздің буын – менің замандастарым Жазушылар одағы бәрімізге ортақ, оның жұмысын дөңгелетіп әкететін уақыт бізге де келді деп, өзінің арасынан мені таңдаған екен. Әдебиетімізде орны бар, мүйізі қарағайдай қаламгер ағаларымның біразы да осындай ұйғарым жасапты, бұл ұсыныстан бас тартуға болмады, – деді ол.

Қаламгер одақ төрағасының орынбасарлығына сенім артқан замандастарына алғысын білдірді.  

Сенім артқан замандастарыма, ағаларыма, баршаңызға басымды иіп, алғысымды білдіремін, – деді Нұржан Қуантайұлы.

Одан әрі ол 90-жылдардың басында әдебиетке келген буынның балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заманды бастан кешкенін алға тартты. Оның айтуынша, сол кезде заманының қиындығына қарамай, әдебиет те қалт-құлт етіп еңбектеніп жатты. Сол буынның жасы, міне, 50-55-тен асыпты. Өздерінің бар екенін білдіріп, тізгінді қолға алып, әдеби процестің келешегі үшін деп қызмет етуге дайын екенін жариялады.

Бірақ, төрт құбыладан соққан желдің төркінін де аңдау керек. Саяси мүмкіндік деген болады, сол мүмкіндік өзінің биік деңгейі қандай екенін кеше көрсетіп тұрды. Дәл осы сағатта «Тәуекел түбі – желқайық» деп буырқанған теңізге түсіп кетуге келмеді. «Ақылсыз қайрат – тұл», «артық қайрат – жанға қас» деген, біз салқын сабырға, суық ақылға салдық. Сөйтіп, осы шешімге келдік. Жазушылар одағы – билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. Қалай болса да ымыраға келіп, келешек үшін жұмыс істеу керек. Бұл – бір жағынан, биліктің қоғамдық пікірмен санаса бастауының көрінісі, екінші жағынан, біздің буынның бір жеңісі. Әдеби өмір – саяси дода емес, әдебиет процесіне қызмет ету. Оның ішінде замануи трендте жаңа реформаларға жол ашатын бағытта жұмыс істеу керек, – деді Нұржан Қуантайұлы.

Ол одақ төрағасының орынбасары қызметіне өзін таңдаған замандастарына тағы да алғыс айтып, алдағы уақытта ортақ мүдде үшін қызмет етуге әзір екенін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама