×

Жеке тұлғаларға оңды-солды несие беруді доғару керек – Қаржы министрі

Тоқаев тұтыну несиелерінің көлемі артып бара жатқанын айтқан еді

 Дәурен Ерболат 20.04.2023 | 11:16
Ерұлан Жамаубаев, Қаржы министрі

19 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста халықтың табысы жайлы сөз қозғалды.

«Инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр. Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса, тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал», - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кредитті бизнеске беруді ұсынды.

«Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады», - деді Тоқаев.

Бүгін премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халыққа оңды-солды кредит беруді шектеу керектігін айтты.

Жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты заң қабылданған. Біз толық қолдаймыз. Жеке тұлғаларға оңды-солды несие беруді доғару керек. Себебі, халық кредитті білместіктен алып қалады. Оны өздеріңіз білесіздер. Онлайн несие беріп жібереді. Содан кейін кепілдікке мүлкін қойып, кредит алып жатады. Мұның бәріне шектеу қою керек, - деді Қаржы министрі

Серіктес жаңалықтары

Сараптама