×

«Әкімдік бизнесімді рейдерлікпен тартып алмақ». Павлодарлық кәсіпкер мәлімдеме жасады

Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы кәсіпкердің мәлімдемесіне жауап берді

 Данияр Айтпайұлы 08.04.2022 | 15:09
Георгий Шпейзер, кәсіпкер

Павлодар қаласын ауыз сумен және техникалық сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз алпауыт кәсіпорын - «Павлодар-Водоканал» ЖШС басшылығы мәлімдеме жасап, жергілікті билік бизнесін рейдерлік жолмен тартып алуға тырысып жатқанын айтты.

Ал, жергілікті билік өкілдерінің уәжінше, «Павлодар-Водоканал» ЖШС 2018 жылдан бері Ертіс өзенінің сағасын тазартамыз деген сылтаумен құмды заңсыз алып келген. Тіпті, өзен жағасына суды құмнан тазартатын гидротехникалық нысандар салғанын айтады. Павлодар қаласының әкімдігі монополист компанияға жер телімі заңсыз берілгенін анықтаған. Сәйкесінше, ол жерде жұмыс жүргізуге еш құқығы жоқ. Шенділердің айтуынша, жоғарыда аталған нысандар да заңсыз салынған.

Әкімдік келтірген фактілерген қатысты серіктестік басшылығының өз шындығы бар екен.

Әңгіменің әлқиссасы 2018 жылдың мамыр айында басталған. Павлодар қаласын сумен қамтамасыз етіп отырған Ертіс өзенінің арнасы тиісті деңгейде тазаланыпп отыруы керек. Әйтпесе, су алатын орындарда құм үйінділері жиналып қала береді. «Павлода-Водоконал» ЖШС басшысы Георгий Шпейзер осы мәселені алға тартып, осыдан төрт жыл бұрын «Құрылыс материалдарын өндіру» атты инвестициялық жобасын желеу етіп, қала іргесіндегі «Оңтүстік су жинау» аумағынан құм өндірісін бастаған. Жоба мемлекеттін индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген. Табиғи ресурсты пайдалану құқығы құрылтайшысы «Павлодар-Водоканал» ЖШС болып табылатын - кірпіш, бетон өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын «WEST-Квазар» ЖШС-ға берілген. Бұдан бөлек, Г.Шпейзердің компаниясы өзен жағасында бірнеше жер учаскесін ұзақ мерзімге жалға алады. Ол жерлерге шаруашылық және гидротехникалық нысандар да тұрғызып үлгерген.

«Біз бұл жобаны Ертіс өзенінің арнасын тазарту мақсатында қолға алдық. Бұл жұмыс жүргізілмесе Павлодар қаласының тұрғындары мен өндіріс орындарын сумен қамтамасыз ету мүмкін болмай қалады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта өзенді құмнан тазарту жұмыстарын тоқтатуға мәжбүрміз. Арнайы ауданаралық экономикалық соты жер телімдерін көп жылға жалға алу туралы келісімшартымызды заңсыз деп таныды. Ал Павлодар қаласының әкімі аталған жерлерде бой көтерген «WEST-Квазар» кәсіпорынымыздың нысандарын пайдалануға беру актілерін заңсыз деп тану бойынша сотқа жүгінді. Мұның барлығы сылтау сияқты. Бұл жайт - біздің бизнесімізді рейдерлік жолмен басып алмақ болудың дәлелі», - дейді кәсіпорын басшылығы.

Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекованың айтуынша, әкімдік «Павлодар-Водоканал» серіктестігін тартып алуға тырысып жатқан жоқ.

«Павлодар қаласын сумен қамтамасыз ету жұмыстары еш кедергісіз жүзеге асырылатын болады. Ауыз су тоқтап қалуы мүмкін деген қауіп жоқ. Ал монополист кәсіпорын басшыларының «бизнесті рейдерлік тартып алу» туралы мәлімдемелері негізсіз. Қала әкімдігі өзен арнасын және өзеннен алынатын суды құмнан тазарту жұмысының маңыздылығын ескеріп, бұған дейін берілген жер телімдері мен онда салынған нысандарды «WEST-Квазар» серіктестігіне қалдыру мүмкіндіктерін қарастырды. Алайда, біз соттың ісіне, шешіміне араласа алмаймыз. Кәсіпорын басшылары бұл мәселені заңға сәйкес, сот жүзінде шешуі тиіс», - дейді баспасөз хатшысы.

Алайда, «Павлодар-Водоканал» ЖШС басшысы Г.Шпейзер «бұл – бизнесті басып алудың амалы» екеніне сенімді. Сондықтан бүгін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды түсіндіріп беруге ниеттеніп отыр. Halyq Uni тілшісі бұл мәселенің қалай өрбитінін алдағы уақытта да назарда ұстайтын болады.

АНЫҚТАМА ҮШІН:

Шпейзер – Павлодар облысында облысында аса танымал әулет. Георгий және оның жұбайы Иренаға «Павлодар-Водоканал» ЖШС, «Kaz Ziegel», «WEST-Квазар» сияқты ірі компаниялар тиесілі. Олар құрылыс материалдарын өндіріп қана қоймай, Павлодар қаласында көпқабатты тұрғын үйлер салумен айналысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама