×

Армения Путинді Гаага ордері бойынша қамауға алатынын мәлімдеді

Ең дұрысы, Ресей президенті ешқайда шықпай, өз елінде қала беруі керек

 Дастан Жұмабекұлы 30.03.2023 | 17:07
фото: ашық дереккөз

Армения Республикасының билеуші партиясы Ресей президенті Владимир Путин Ереванға келіп жатса, Халықаралық қылмыстық соттың ордеріне сай тұтқындалатынын мәлімдеді. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Арменияның премьер-министрі Никол Пашинянның партиясы Владимир Путинге Арменияға келмеуге кеңес берді.

«Егер Путин Арменияға келетін болса, елдің басшылығы Ресей президентін тұтқындауға тиіс болады. Ең дұрысы, Путин ешқайда шықпай, өз елінде қала беруі керек… Егер біз бұл келісімге кіретін болсақ, онда өз міндеттемемізді орынауға тиіспіз. Ресей алдымен өзінің Украинамен арадағы проблемасын шешіп алсын… Мен Путиннің Арменияға келмегенін қалаймын, – деп мәлімдеді Армения ұлттық жиналысындағы (Парламент, - ред.) билеуші партия фракциясының депутаты Гагик Мелконян.

Арменияның Конституциялық соты өткен аптада Парламенттің Рим статутын ратификациялауын қолдады. Конституциялық сот төрағасы Арман Диланян статутта бекітілген міндеттемелер елдің негізгі заңына толық сәйкес келетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Конституциялық соттың шешімі жария болған сәтінен бастап өзінің күшіне енеді.

Еске сала кетсек, 17 наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың сотқа дейінгі палатасы Ресей президенті Владимир Путин мен оның балалар омбудсмені Мария Львова-Белованы қамауға алу үшін ордер жазып берген еді. Оларға Украинада соғыс қылмысын жасады, соның ішінде Ресей армиясы басып алған Украинаның территорияларынан украин балаларын күшпен депортациялап әкетті деген айып тағылды.

Қазір ХҚС-ның Рим статуты негізінде әлемнің 123 елі жұмыс істейді. Ордер жазылғаннан кейін осы мемлекеттердің кез келгені Ресей президентін тұтқынға алып, соттау үшін Гаагаға жөнелтулері тиіс.

Бұған дейін Германия, Оңтүстік Африка Республикасы, Бразилия, Австрия сияқты бірқатар мемлекеттер өз территорияларына келе қалса, Путинді бірден тұтқындайтындарын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама