×

Біздегі медицина саласына көңілім толмайды – Біртанов

Экс-министр сұқбат беріп, өзіне қатысты қозғалған қылмыстық іс пен сот үкіміне қатысты пікір білдірді

 Айгерім Таубай 19.03.2023 | 13:02

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында елдегі медицина саласына көңілі толмайтынын айтты.

«Денсаулық сақтау жүйесінде үш пайдаланушы бар. Олар – медициналық көмек алатын азаматтар, медицина қызметкері және жұмысты ұйымдастырушылар. Мұны үш жағынан да бағалауға мүмкіндігім бар. Пациент ретінде біздегі медицина саласына көңілім толмайды. Ең үлкен мәселе – технологиялық, ғылыми жағы. Қазір дүниежүзінде пайдаланылып жүрген дәрі-дәрмек, технология және білім бізге әлі де жетпеді. Ол болмағандықтан, нәтиже де жоқ. Мысал ретінде онкология саласын алайық. Дүниежүзінде көп пайдаланылатын технологиялар Қазақстанға әлі жетпеген», - дейді Елжан Біртанов.

Біртановтың айтуынша, соған байланысты елімізде өлім деңгейі де жоғары.

Дәрігер ретінде қарасам, қоғам медицина саласындағы жүйелі проблемаға дәрігерлерді кінәлайды. Дәрі-дәрмек, техника ауруханаға жетпесе, оған дәрігердің не қатысы бар?, - дейді Біртанов.

Біртанов денсаулық сақтау саласындағы ұйымдастыру жұмыстарында олқылықтар болғанымен, біраз іс жолға қойылғанын айтып өтті.

«Бізде арнайы кодекс бар, бірнеше тараптан қаржы түседі. Бұл жолға қойылған. Әлеуметтік, саяси жағдай өзгерсе, медицина саласы да өзгеруі қажет. Әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілгеніне 3 жыл болды. Көп азаматтың көңілі толмай жүр. Себебі ақша төлеуді бастадық, алайда медициналық қызметтің сапасы да, қолжетімділігі де толық шешілген жоқ. Ол толық шешілмейді. Бірақ өзгерістер болуы қажет. Өзгерістерді енгізіп, халыққа жеткізу – ұйымдастырушылардың негізгі міндеті», - дейді бұрынғы денсаулық сақтау министрі.

Сұқбаттың толық нұсқасын сілтеме арқылы көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама