×

Бас прокуратура Ресей мен Украинадағы жағдайға байланысты үндеу жасады

Ведомство соңғы кезде жиілеген қылмыс түрлерін атап, қандай жаза қарастырылғанын еске салды

 Қымбат Елтайқызы 28.03.2022 | 15:00
коллаж: Halyq Uni

Бас прокурор орынбасары Болат Дембаев қазақстандықтарға үндеу жариялады.

Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты материалдар (жарияланымдар, бейнесюжеттер, хабарламалар, пікірлер) белсенді жарияланып жатыр. Бұл ретте олардың ішінен жекелегендері Қазақстан азаматтарын осы жанжалға қатысуға шақырулармен, ұлттық араздықты қоздыру, екі тараптың да азаматтарының ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау белгілері бар қасақана арандатушылық мәлімдемелермен және жалған ақпаратпен сүйемелденеді, – дейді ол.

Оның айтуынша, бұдан бөлек, әлеуметтік желілердің кейбір пайдаланушысы, соның ішінде Қазақстан азаматтары оқиғаларға жария түрде түсіндірме беріп, оларға еліміздің аумағының тұтастығына қатысты сепаратистік үндеулерді орналастырып жатыр. ​Бұл әрекеттерге Қазақстан Конституциясымен, еліміз қатысушы болып саналатын жалпыға танылған халықаралық-құқықтық құжаттармен тыйым салынған.

«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға берілмеуге шақырамыз», – делінген үндеуде.

Дембаевтың мәліметінше, Қазақстан азаматының шет мемлекет аумағындағы соғыс қимылдарына қасақана заңға қайшы қатысуы, сол сияқты ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдаланып, Қазақстан тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық жазаланатын әрекеттер болып саналады. Бұл үшін (ҚК 172, 174, 180-баптары) 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдаланып, елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын жалған ақпарат таратқан үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

«Азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және әлеуметтік желі пайдаланушыларын жоғарыда келтірілген кез келген құқық бұзушылықты жасаудан аулақ болуға, осындай арандатушылық сөздер мен шақыруларға жол бермеуге және олардың алдын алуға шақырамыз», – делінген ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама