×

Терроризмді насихаттау: Абайдың туысы тоғыз айдан бері қамауда отыр

Суретші Дәурен Макинге қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылған

 Айгерім Таубай 30.01.2023 | 10:05

Астанада суретші Дәурен Макин терроризмді насихаттады деген күдікке ілінді. Ер адамды Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2022 жылдың наурызында ұстаған.

Суретші тоғыз айдан бері қамауда отыр. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне суретшінің әкесі Асқарбек Макин айтты.

СУРЕТШІГЕ ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН?

Дәурен Макинге қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бапта адамның қызмет бабын пайдаланып, БАҚ немесе телекоммуникациялар желісі арқылы терроризмді насихаттау әрекеті көрсетілген. Сондай-ақ бұл әрекетті алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасағаны айтылған.

ӘКЕСІ АСТАНАҒА 7 РЕТ КЕЛДІ

Күдіктінің әкесі Алматы қаласында тұрады. Ұлы қамауға алынған тоғыз айда елордаға 7 рет келген. Қалалық прокуратура мен Бас прокуратураға барып, ұлының кінәсі жоқ екенін дәлелдеуге тырысып жүр.

«Мен еңбек адамымын, 55 жыл өндірісте жұмыс істедім. Әйелім – мұғалім. Екі ұлым бар. Бірі – Дәурен. Астанада жұмыс істеді. Ұлым Алматыда, одан кейін Ресейде өнер академиясын тәмамдаған. Ол атақты суретші. Салған суреттері Астанадағы музейлерде тұр. (...) Бәрі тоғыз ай бұрын басталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінен 11 адам келіп шеберханасында сурет салып отырған жерінен қолын қайырып алып кеткен», - дейді Асқарбек Макин.

Оның айтуынша, бұған Дәурен Макиннің отбасындағы жанжал себеп болған.

«Отбасы ажырасып кеткен соң мен кезінде ұлыма сыйға берген пәтерге талас басталды. 4 бөлмелі үйді Дәурен үйленбей тұрғанда сыйладым. Келін ажырасамын деген кезде ұлым көнбеді. Екі баласын қалдырғысы келмейтінін айтты. Бұл іс сотқа дейін барды. Келін үйді алғысы келді, бірақ құқығы жоқ болып шықты. (...) Ұлымды ұстаған 11 адамның ішінде бұрынғы келінімнің танысы бар екен», - дейді сексенге келген ақсақал.

Содан кейін ақсақал баласы қамауда отырған кезде төрт бөлмелі пәтерді сатып, жарты ақшасын бұрынғы келініне берген.

СУРЕТШІ ТЕРРОРИЗМДІ ҚАЛАЙ «НАСИХАТТАҒАН?»

Асқарбек Макиннің айтуынша, Дәуреннің шеберханасына жігіт пен қыз келіп, сурет салуды үйренгісі келетінін айтқан.

Екеуі әртүрлі сұрақ қойып, жауабын аудио түрінде жазып алған. Айтылған сөздің барлығына сараптама жасалды. Сарапшылар «ол Аллаға сену керек деп айтқан» деген қорытынды шығарды. Мұның қай жерінде терроризмді насихаттау бар?, - дейді Асқарбек Макин.

Ақсақал ұлын тоғыз айдан бері неге босатпай отырғанын түсінбейтінін жеткізді.

«Балаға обал болды. ҰҚК, Бас прокуратураға да жазып жатырмыз. Сараптаманың бәрін көрсетіп, ұлымды босатуды сұрадық. Ол ешқайда қашпайды. Сұрақты содан кейін қоя бересіздер деп отырмын. Осы қамауда отырған 9 айда қаншама сурет салар еді...», - дейді әкесі.

Сондай-ақ Бас прокуратурадан ұлын босатып, қылмыстық істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатуды талап етті.

Істі жабу керек. Қылмыс құрамы жоқ қой. Ұлымды босатсын, - дейді Асқарбек Макин.

АБАЙДЫҢ АЛЫС ТУЫСЫ...

Асқарбек Макин – қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың алыс туысы.

«Абаймен бір атаның баласымыз. Ырғызбай атамыздың төрт баласы болған: Өсер, Өскенбай, Мырзатай және Жортар. Өскенбайдан Құнанбай, одан Абай тараған. Біз Өсерден тараймыз. Өсердің ұлы – Жармағамбет. Одан менің атам Мақа туған», - дейді Асқарбек Макин.

Ақсақал Абайдың туысы екенін осы уақытқа дейін пайдаланбағанын айтты. Бұл жағдайда да ақиқатқа қолда бар дәлелдер арқылы жеткісі келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама