×

Петропавлда 89 гектар орман оталып, оның орнына ЖЭО күлі төгілуі мүмкін

Егер күл төгетін аумақты басқа жерден белгілесе, ол қосымша шығынды талап ететін көрінеді

 Еркеғали Болатұлы 24.01.2023 | 10:45
фото: петропавловск.kz

Қазір Петропавлдағы коммуналдық кәсіпорынның көмір қалдығын төгуге арналған 220 гектар жер бар. Өткен ғасырдан бері пайдаланып жүрген қойма толуға жақын көрінеді. Сондықтан энергетиктер қосымша 239 гектар жер алып, жаңа күл төгу алаңын дайындауды көздеп отыр.

Аталған аумақтың үшінші бөлігінде 89 гектар орман алқаптары орналасқан. Сондықтан жылу орталығының өкілдері оны отап тастамақ. Ал бұған қала тұрғындары мен қоғам белсенділері түбегейлі қарсы.

Петропавлдың шетіндегі орман қаланың өкпесі болып саналады. Оны шабуға мүлдем болмайды! Солтүстік Қазақстандағы орман алқаптары онсыз да құрып жатыр. Бұл шешімді қабылдар алдында қоғамдық кеңестің пікіріне құлақ асу керек, - деді «Астана» телеарнасына шағымданған тұрғын Ольга Веркулеева.

Ал жергілікті билік өкілдері жерді бөлу жөнінде ресми жауап келмегенін айтады. Сондықтан олар бұл жоспар жөнінде әзірге жауап беруден бас тартқан. Ал «Севказэнерго» компаниясы оталған орманның орнына 10 есе көп ағаш егуді уәде етіп отыр.

«Севказэнерго» компаниясы әкімдікпен бірлесіп, бірнеше жерді қарастырды. Бірақ бірқатар факторларға байланысты бұл учаскелер бізге келмейді. Мәселен, топырақтың сәйкес келмеуі, жерасты суларының тым биік көтерілуі, өндірістік аумақтан тым алыс орналасуы және тағы да басқа себептер.

Егер күл төгетін аумақты ол жерлерден белгілесе, онда бұл қосымша шығынды талап етеді. Ол бірден тарифтің өсуіне әсер етеді», - деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама