×

«Фамилиясына қарамаймыз». Назарбаевтың туыстарына тиесілі жерлер қайтарыла ма?

Қазақстанда заңсыз берілген және игерілмеген 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған

 Дәурен Ерболат 17.01.2023 | 11:53
Ербол Қарашөкеев, министр

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді мемлекет игілігіне қайтару кезінде ешкімнің фамилиясына қарамаймыз. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет отырысынан шыққан министрге журналист «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заң күшін жойғалы жатыр. Осыған байланысты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелеріне тиесілі жерлер қайтарыла ма?» деген сұрақ қойды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бәрі заң аясында жүргізілетінін атап өтті.

«Кім және фамилиясы қандай болмасын, бізге ол әсер етпейді. Барлық жерді тексереміз. Жерді тиімсіз пайдалану, оны заңды бұза отырып беру фактілері болса, міндетті түрде жерді тексеріп, мемлекетке қайтарамыз», - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда заңсыз берілген және игерілмеген 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылғаны айтылды. Жер инспекторлары қабылдаған тиісті шаралардан кейін жерді пайдаланушылар 1,85 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кіріскен. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама