×

«Дикий» Арманнан Алпамыс батыр жасауға тырысып жатыр – депутат

Аманжол Әлтай «Дикий» Арман туралы жағымды пікірлерге сенбеуге шақырды

 Дәурен Ерболат 05.01.2023 | 12:47
Арман Жұмагелдиев, скриншот: әлеуметтік желі

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай «Дикий» Арман лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев туралы әлеуметтік желілерде тараған жағымды пікірлерге сенбеуге шақырды.

«Қоғамда әділет болмаса, еңселі елді адастырады. Ақпарат тасқыны алқымнан алып, санаға әмір жүргізіп тұрған бүгінгі күрделі кезеңде өкінішке қарай елімізде болған оқиғалар әлеуметтік желілерде бұрмаланды. Әлеуметтік желілерде қаңтар трагедиясы туралы алып-қашпа пікірлер қалыптасып, оқиғаның шындыққан жанаспайтын түрлі нұсқалары таралып жатыр. Осылайша, сол ортаның қолдан жасалған «жалған қаһармандары» пайда болды. Тентектен тұлға, арандатушыдан батыр, сотқардан сардар, қылмыскерден қаһарман жасағысы келетін әділетсіз әрекеттер белең алып барады», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат әлеуметтік желілерде «Дикий» Арманды жағымды етіп көрсетіп жатқандарды сынға алды.

«Қаңтар оқиғасына дейін де заңға қайшы әрекеттерімен танылған «Дикий» Арманды мысалға келтірейін. Әлеуметтік желілерде оның жағымды бейнесін жасауға тырысып, жазықсыз қамауға алынды деген секілді негізсіз, пәтуасыз пікірлер қалыптастырып, «Дикий» Арманнан Алпамыс жасауға тырысып жатыр. Мұндай «қой терісін жамылған қасқыр кейіпіндегі жасанды батырсымақ» туралы видеолар вирус секілді бірден таралып жатыр. Осындай жалған жарнамаға құрылған ақпараттық шабуылдар жас ұрпақтың санасына соққы болары сөзсіз, - деді Аманжол Әлтай.

Жастардан «Осы заманның батырлары кім?» деп сұрасаңыз, өрттен өрімдей бала мен кейуана әжені құтқарып қалған, ерен ерлік көрсеткен Асқар секілді жаңа заманның жалынды батырларын емес, топ құрып, тісін жасырған «Дикий» Арманды атауы мүмкін, - деді депутат.

«Жастарды тәлімі теріс, сырты бүтін, іші түтін «Дикий» Армандарға еріп кетуден қорғауымыз керек. Халық арасында дұрыс қоғамдық құндылықтарды қалыптастырумен айналысасыздар ма? Қоғамда саяси мәдениетті дамыту бойынша жобаларыңыз бар ма?», – деп депутат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сауал жолдады.

Қойылған сұраққа Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров толық жауап бере алған жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама