×

Орталық Азияға бірыңғай медиаплатформа не үшін керек?

Орталық Азиядағы әрбір елдің азаматы өзін тұтас өңірдің бөлшегі сезінуі тиіс

 Айнұр Шошаева 21.12.2022 | 15:40
Фото: 24.kz

Астанада өтіп жатын Орталық Азия медиафорумында түркі мемлекеттерінің өкілдері бірыңғай медиаплатформа құру мәселесін көтерді, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Өзбекстан Президенті жанындағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер институтының директоры Элдор Ариповтың сөзінше, Орталық Азия елдерінің бірлігі үшін ең алдымен медиа саласында күш біріктіру маңызды. 

«Бірыңғай медиаплатформа құру мәселесін көтеріп отырғанымыз дұрыс деп есептеймін. Бұл бүкіл аймақ үшін ортақ, біртұтас сипатқа ие болады. Аталған идея Орталық Азиядағы өңірлік бірегейліктің іргелі негіздерін қалыптастыру үшін өте маңызды. Барлық қатысушыларын бір міндетке жұмылдырады. Яғни, медиа саласында күш біріктірмей шеше алмайтын өте маңызды міндет», – деді Элдор Арипов. 

Бұған қоса, ол Орталық Азиядағы әрбір елдің азаматы өзін тұтас өңірдің бөлшегі сезінуі тиіс деген пікірде. 

«Эмпирикалық зерттеулер ортақ мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді бөлісетін елдердің өзара іс-қимылы ынтымақтастық және сауда саласы, экономикалық қатынастар мен инвестицияларда әлдеқайда тиімді екенін көрсетіп отыр. Мұның басты себебі – сенім факторы.  Біз бірінші кезекте өзіміз  жақсы білетін және түсінетін халықтарға сенеміз. Сондықтан аймақтық сәйкестік өте маңызды деп есептеймін. Орталық Азияның әрбір тұрғыны тек өз елінің ғана емес, жалпы өңірдің – Орталық Азия өңірінің бір бөлігін де сезіне бастағаны маңызды», – деп қосты ол. 

Сондай-ақ оның пікірінше, өңірдегі мемлекеттер ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқанымен, бір-бірін жақсы білмейді. 

Біз ғасырлар бойы қатар өмір сүрдік, бірақ, өкінішке қарай, бір-бірімізді жақсы білмейміз, жете түсінбей келеміз. Мұны түзету үшін ең алдымен, объективті ақпаратты көбірек таратып, қызығушылық таныту қажет. Біздің қазақстандық әріптестеріміз ұсынған бұл идея өзінің үлкен миссиясын орындай алады деп ойлаймын, – дейді Элдор Арипов.

Әзірбайжанның Медианы дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмаиловтың айтуынша, Әзербайжан мен Түркия арасында бірлескен медиа платформа жұмыс істеп жатыр. 2020 жылы Таулы Қарабах қақтығысы кезінде аталған платформа өзінің тиімділігін көрсеткен.

«2020 жылы Әзербайжанда болған оқилар кезінде ол халықаралық аудиторияға дәйекті ақпарат жеткізуде лайықты міндетін атқарды. Бүгінде екі елдің медиа кеңістігіндегі әріптестік жалғасып жатыр. Біздің ойымызша, Әзербайжан-Түркия арасындағы медиа ынтымақтастықты Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттерді тарта отырып, жан-жақты дамытуға болады», – деді ол. 

Сонымен бірге, ол Әзербайжан мен Қазақстанның арасындағы медианы дамуты тұрғысында жасалған меморандум барын еске салды. 

«Бүгінде екіжақты келісім негізінде Орталық Азиядағы серіктестерімізбен байланыс ортанып бастадық. Мәселен, биыл тамыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға ресми сапары кезінде біздің агенттік пен Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрілігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Одан бұрын Өзбекстанмен де меморандум жасалған болатын. Аталған құжаттарда екіжақты ынтымақтастық пен ұлттық мүдделерімізді қорғап, халықаралық ақпараттық кеңістікте оны жариялауды көзделіп отыр», – деді Исмаилов. 

Сонымен қатар, оның ойынша бірыңғай медиа платформа бауырлас мемлекеттерге сыртқы қауіп-қатерлерге және жалған ақпаратпен күрес үшін қажет. Ал оны қалыптастыруда түркі мемлекеттерінің қатысуымен жұмыс істеп жатқан ұйымдардың күші мен тәжірибесін пайдалану керек деп есептейді. 

«Бұдан бөлек, біздің мақсатымыз – бірыңғай ақпараттық саясатты қалыптастыру деп айтуға болады. Біздің елдеріміздің медиаларының арасында тығыз байланыс орнату мемлекеттерімізге қарсы тоталды күрес пен теріс ақпаратқа қарсы тұру контенкстінде өте маңызды. Теріс ақпаратқа қарсы бірлесіп жұмыс істеу қажет. Себебі фейк ақпарат жаһандық медиа қоғамдастық үшін сын-тегеурін болып отыр», – деп қорытындылады Әзірбайжанның Медианы дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмаилов.

Еске сала кетейік, кеше Астанада I Орталық Азия медиафорумы басталды. Онда қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген «Бейбітшілік этикасы» тақырыбындағы сессиясында сөз сөйлеген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама