×

Путин Лукашенконы Украинамен соғысқа қатысуға көндіре алмады – БАҚ

Ресей президенті амалсыздан Беларусь басшысының тезисін ептеп түзетумен болды

 Дастан Жұмабекұлы 21.12.2022 | 10:35
фото: ашық дереккөз

Ресей президенті Владимир Путин Беларуське сапары барысында Александр Лукашенконы Украинамен соғысуға көндіре алмады. Бұл туралы «Неміс толқыны» радиосы хабарлады.

Жағдайға барлау жасаған Американың Соғысты зерттеу институты (ISW) Ресей президенті Владимир Путин Беларусь басшысы Александр Лукашенконы Украинамен соғысқа қатысуға көндіре алмағанға ұқсайды, деп жазды.

Институт талдаушылары Минскідегі кездесу кезінде Путин белорус билеушісін өзінің уәжіне иландыра алмай, амалсыздан Лукашенконың тезисін ептеп түзетумен қабылдай салған деген тұжырымға тоқталып отыр.

ISW мамандары бұрынғысынша Беларусьтің Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысуының ықтималдылығы соншалықты иланымды емес деп есептейді.

Бұдан бұрын Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Минскіде Путин мен Лукашенконың Беларусьті соғысқа қатыстыру мәселесін талқылайтынын жоққа шығарған болатын. Кремльдегілер мұндай пайымның негізсіз екенін айтып ақталды. Бірақ әлем қауымдастығы Песковтың соғыс басталардан бірнеше күн ғана бұрын Путиннің Украинаға басып кіру туралы ойы жоқ дегенін ұмытпайды. Баспасөз хатшысының бұл жолғы мәлімдемесінде өз басшысының түпкі ойын жасыруға барын салып тұрғаны анық байқалады.

Осы кездесу нәтижесінде Мәскеу Минскіге бірнеше «Искандер» беретін болды. Ал АҚШ мемлекеттік департаментінің пайымынша, осыған байланысты Владимир Путиннің өз мәлімдемесінде Ресейдің «Беларусьті жұтып жібергісі» келіп тұрмағанын айтуы ақылға сыймайтын сияқты.

Мен өзге бейбіт көршісін тура жұтып қою үшін бар күшін салып жатқан мемлекет лидерінің аузынан шыққан мұндай мәлімдемені ешқандай әзіл-оспаққа жатпайтын нәрсе деп ойлаймын, – деді Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Нед Прайс.

«Біз бұл жанжалдың алғашқы күндері мен оған жалғасқан апталарынан бері Лукашенко режимінің іс жүзінде өзінің тәуелсіздігін жоғалтып, оны Ресейге беріп қойғанын байқап келеміз», – деді ол өзінің сөзінде Ресей күштерінің көрші елге тап осы белорус жерінен шабуыл жасағанын айта отырып.

Сондай-ақ Вашингтон егер Минск Мәскеуге Украинамен соғыста қосымша көмек көрсететін болса, Беларуське жаңа санкциялар енгізілетінін айтып, қорқытып қойды.

Бүгін украин әскерлерінің Брянск облысының Сузем ауданын атқылағаны хабарланды. Өңір губернаторы Александр Богомаздың айтуына қарағанда, зардап шеккендер жоқ.

 «Атқылаудан кенттегі электрмен қамтамасыз ету жағына нұқсан келді», – деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама