×

«Қытайға қош келдіңіз». Шекарадағы қазақ ауылдарына арнайы хабарлама келеді

Қазақстанда сапасыз интернет үшін ұялы байланыс операторларына салынатын айыппұл көлемі артпақ

 Халық үні 09.03.2022 | 11:15
фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Шығыс Қазақстандағы шекаралы елді мекендерде интернет байланысы нашар екенін айтып, бұл мәселені тез арада шешуді талап етті.

Зайсан ауданының Жалши мен Қарасай, Тарбағатай ауданының Асусай мен Жалаңаш ауылдарында интернет жоқ. Бірақ телефондарында «бар» деп жазылған. Оның үстіне шекаралы өңірлермен өткенде телефонға «Қытайға қош келдіңіз» деген хабарлама келеді. Бұл жергілікті халыққа моральдық-психологиялық тұрғыда өте жаман әсер етеді, – дейді Саиров Мәжілістің жалпы отырысында.

Жиынға қатысып отырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек бұл мәселеден бейхабар екенін айтты. Ведомство өкілі мәжілісменнің депутаттық сауалына жазбаша жауап беретінін жеткізді. 

Отырыстан кейін вице-министр Асхат Оразбек журналистердің бірқатар сұрағына жауап беріп, «Ресей жаһандық желіден ажыратылса, Қазақстанда интернет нашарлауы мүмкін» деген пікірді жоққа шығарды. Оның айтуынша, Қазақстан интернетті тек Ресей арқылы алмайды. Қытаймен қарым-қатыныс Қазақстанға Еуропадан барлық трафикті алуға мүмкіндік береді екен.

Бүгін Мәжілісте сапасыз интернет үшін ұялы байланыс операторларына салынатын айыппұлды ұлғайтуды және қызмет көрсету ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастыратын заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабына (байланыс саласындағы заңнаманы бұзуға) сәйкес, айыппұл ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 100 АЕК, жыл ішінде қайталап жасалған заң бұзушылыққа 200 АЕК құрайды. Бұл ретте, ірі кәсіпкерлік субъектісі заң бұзушылық дерегін мойындаған жағдайда 50 пайыз, яғни 50 не 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге құқылы. Жаңа заң жобасында айыппұлдар 1000 АЕК-ке дейін және қайта бұзғаны үшін 1500 АЕК-ке дейін ұлғайтылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама