×

Депутат Теміртаудың атауын «Түтінтау» деп өзгертуді ұсынды

Ол қала тұрғындары түрлі ауруға шалдығып жатқанын айтты

 Дәурен Ерболат 07.12.2022 | 13:04
Фото: ашық дереккөздерден

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Теміртау қаласының экологиялық жаңдайына алаңдап, тіпті қаланың қазіргі жағдайы шаһар атауын өзгертетіндей дәрежеге жеткенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

«Семей полигонының зардабын шеккеніміз, еңсесін тұз басқан Аралдың қасіретін көргеніміз, гептилдің уын жұтқанымыз аз болғандай, Теміртау қаласының асқынған экологиялық ахуалы еңселі ел көңілін алаңдатып отыр. Бүгінде Теміртау емес, шын мәніндегі Түтінтау десек болады. Бұл қалада аспаннан жауған аппақ қардың өзі жерге қонғанда адам шошитын қара түске боялады. Қап-қара қардың үстінде ащы түтін мен улы газға тұншығып, күркілдеп жөтеліп бара жатқан қала тұрғындарын көргенде қабырғаң қайысады», - деді Аманжол Әлтай.

Оның айтуынша, 28 жыл бойы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы еңбек заңын белден басқан.

Жұмысшылардың құқығы қорғалмады, еңбек қауіпсіздігі сақталмауының кесірінен шахталардағы жарылыстан жүздеген адам мерт болды, модернизация жүргізілмей, өндірістегі жабдықтар әбден тозды, экологиялық қондырғылар жаңармады, соның кесірінен бүгінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар белгіленген нормадан бірнеше есе асып түсіп отыр, - деді депутат.

Теміртау қаласында қалдықтардың нақты көлемі 2021 жылы – 243 мың, 2020 жылы 242 мың тонна деп көрсетілген. Депутат бұл статистиканың шындыққа келмейтінін айтты.

«Мәселен 2019 жылы азот диоксиді 12 есе, күкірт сутегі 13 есе, күкірт диоксиді 10 есе асып кетуімен зиянды заттардың 61 жағдайы тіркелген. Сондықтан сараптау жүргізіп, нақты ақиқатты ашып көрсететін тәуелсіз экологиялық аудит жүргізуді талап етеміз, - деді Аманжол Әлтай.

Депутат 18 мемлекетте өндірістік кәсіпорны бар «АрселорМиттал» компаниялар тобынан ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың 50%-ға жуығы Теміртау комбинатына тиесілі және көмір қолданатын жалғыз кәсіпорын екенін атап өтті.

«Үкіметтен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на тәуелсіз экологиялық эксперттік аудит жүргізілуін, модернизация жүргізуді, заман талабына сай экологиялық қондырғылар, автоматты мониторинг аспаптарын орнатуды, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтауды қатаң бақылауға алуды, табиғатты қорғау шаралары күшейтіліп, әлеуметтік салаға көмектесуге назар аударуды және жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесін қолға алуды сұраймыз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама