×

«Экспо, LRT үшін рахмет»: Скриптонит жылусыз қалған Екібастұздағы жағдайды сынға алды

29 қарашада Үкімет мүшелері Екібастұзға барды

 Халық үні 30.11.2022 | 12:01
скриншот: instagram.com/real_scrip/

Қазақстандық танымал рэпер, музыкант Әділ Жәлелов (Скриптонит) қыстың қақаған суығында жылусыз қалған Екібастұз қаласындағы жағдайды сынға алды.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз халқы қақаған суықта жылусыз қалды. «Екібастұзэнерго» ЖШС-ның хабарлауынша, 27 қарашада түнгі сағат 01:20 уақытында №11 жылу қазандығы тоқтаған. Сосын 01:30 шамасында үлкен көлемдегі желілік су шығынына байланысты, №13, 14 және 15 қазандықтар істен шыққан.

28 қарашада Екібастұз қаласының әкімі жылу желілеріндегі апатқа байланысты қала аумағында техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады. Апат салдарынан көпқабатты 17 тұрғын үй және бірнеше әлеуметтік, заңды тұлға нысандары жылусыз қалды.

Сол жағалау үшін, Экспо үшін, LRT үшін, Түркістан үшін, жаңа мешіт үшін рахмет. Билікке сенуді жалғастыра беріңіздер, - деп жазды музыкант Екібастұздағы жылусыз қалған үйлердің видеосын бөлісіп.

29 қарашада Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Екібастұз қаласына барды.

30 қарашада Екібастұзда Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі жылусыз қалған көппәтерлі 17 тұрғын үйді жылыту жүйелеріне қосу үшін Қазақстанның басқа өңірлері мен кәсіпорындарынан – Астана, Павлодар, Қарағанды, Босшакөлден (Kazminerals) келген жөндеу бригадалары жұмысқа кірісті.

Бригадалардың жалпы саны 34-тен 42-ге дейін өсті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама