×

Nur Otan партиясының атауы өзгерді. Елорда атауы өзгере ме?

2019 жылдың көктемінде елорда атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді

 Ербол Тұрымбет 02.03.2022 | 13:35
фото: Halyq Uni

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Нұр-Сұлтан атауын Астана деп қайта өзгерту туралы сұраққа жауап берді.

Мәжіліс спикері күн тәртібінде мұндай мәселе қаралып жатпағанын, депутаттар палата отырысында мұндай мәселені көтермейтінін айтты.

Еске салайық, Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Nur Otan партиясының атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы қолдады.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елдің жаңа астанасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Талдау қорытындылары барлық нұсқаның ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екенін көрсетті.

Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде мерекеленіп келді.

Кейінірек парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.

2019 жылдың көктемінде елорда атауы өзгерді. Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 наурызда ұлықтау рәсімінде ел астанасын республиканың тұңғыш президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды.

Тоқаевтың бұл ұсынысын парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Осылайша 23 наурызда мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды.

Елорданың жаңа атауы – Нұр-Сұлтан дефис арқылы жазылатын болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама