×

«Әділетсіздік пен қиянат салтанат құрған күн болды»: Хаменова сот үкімімен келіспейтінін айтты

Сот Хаменованы 7 жылға бас бостандығына айыру туралы үкім шығарды

 Айгерім Таубай 15.11.2022 | 11:36
Фото: atpress.kz

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова сот үкіміне келіспейтінін жеткізді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Бұл шешіммен келіспеймін. 11 ай бойы тар қапаста жатқанда да шындықты сөйлеп, осымен күрестім. Күресе де береміз. Аққа құдай жақ. Сондықтан да осы сәтті пайдалана отырып шибөрідей шулаған тобырдың ғайбатына емес, шындықты айтып шырылдаған, дерек пен дәйекке сенген БАҚ өкілдеріне, журналистерге, блогерлерге, еліме, халқыма, 11 ай бойы анама келіп, жылы сөздерін арнап жатқан қаймана қазаққа рахмет айтамын», - деді Хаменова.

Бақытгүл Хаменова соңына дейін күресетінін жеткізді.

Әлі аппеляциялық сот, Жоғарғы сот, халықаралық сот бар. Шындықтың жер бетіне шығатынын білемін. Күштілер не айтады? Әлсізге көрсеткен зорлығын айтады. Ал әлсіздер не айтады? Күштіден көрген қорлығын айтады. Сондықтан да маған зорлық пен қорлықты көрсеткен ол адамдарға айтарым, адамның сотынан құтылғанымен, Алланың сотынан ешкім де құтылмайды, – деді Хаменова.

Ол әрі қарай да қорғаушысымен бірге жұмыс істейтінін айтты.

«Бүгін әділетсіздік пен қиянат салтанат құрған күн болды. Бірақ тағы қолдағандарыңызға, қорғағандарыңызға рахмет», - деді Хаменова.

Айта кетейік, 2022 жылдың 15 қарашасында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға сот үкімі шықты

Сот үкіміне сәйкес, Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде 3 жылдан кейін өтейді. Хаменова сот залынан үйіне жіберіледі.

Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сондай-ақ сот Хаменованы «Құрмет» орденінен айырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама