×

«Кәмелетке толмаған 4 балам бар»: Ақылбек Рысқалиев соттан өзін толық ақтауды сұрады

Рысқалиев – Бақытгүл Хаменоваға қатысты іс бойынша сотталушылардың бірі 

 Халық үні 14.11.2022 | 13:07
Фото: Halyq Uni

Атырау облысы мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев сотта соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ол соттан өзін толық ақтауды сұрады.

«Құрметті сот! Менің кәмелетке толмаған 4 баламның бар екенін және бұрын-соңды істі болмағанымды, денсаулығыма байланысты ұсынылған медициналық құжаттамаларды назарға алуыңызды сұраймын. Барлық мән-жайды ескеріп, менің іс-әрекетімде қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты мені толықтай ақтауыңызды сұраймын», - деді Ақылбек Рысқалиев соттағы соңғы сөзінде.

Айта кетейік, бұған дейін тараптардың жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова Ақылбек Рысқалиевті 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Рысқалиевке қатысты үйқамаққа алу туралы бұлтартпау шарасын өзгертіліп, сот залында қамауға алынсын», - деді прокурор.

13 қазанда өткен сот отырысында Ақылбек Рысқалиев жауап алу кезінде бұған дейін берген түсініктемесін жоққа шығарды.

Рысқалиев Өміртай Адамов («Балқыту» ЖШС директоры – Halyq Uni) екеуі арасындағы келісімнен Бақытгүл Хаменованың хабарсыз екенін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлеріне айтқанын жеткізді.

«Мені Хаменовамен қалай сөйлесу қажет екеніне дайындады. Мен Адамов, ақша туралы айтсам, Хаменова оны түсінбейтінін ескерттім. Ешқандай сезік тудырмайтындай етіп сөйлеп, ыммен сөйлесіп жеткізу қажет екенін айтты. Ең бастысы менің ақша алып келгенімді Хаменова түсінсін деді. Мені қалай дайындады, мен солай жеткіздім» - деді Рысқалиев.

Ол сондай-ақ бұған дейін неге басқаша жауап бергенін де түсіндірді.

«Мен осыған дейін көп ойландым. Осыған дейінгі әрекеттерді көріп қатты шаршадым. Басында бірінші берген жауабымды өзгеріссіз қалдырамын деп тырыстым. Мені сол дайындықтан өткізген Антикор қызметкерлері соңына дейін барсаң өзің үшін бәрі жақсы болады деп сендірді. Олар бәрінен босатыласың деді. Бірақ күні бүгінге дейін олардың тарапынан мені қорғау, қолдау әрекеттері жасалмағандықтан, қалай болғанын айтуға шешім қабылдадым», - деді ол.

БАҚЫТГҮЛ ХАМЕНОВА ІСІ

2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.

Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.

2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу туралы шешім шықты.

Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырында түсті. Сот процесі 3 тамызда басталды.

Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама