×

«Мәсімовте Венгрия азаматтығы болған деседі». Мәжіліс депутаты ресми сауал жолдайды

Қаңтар оқиғасынан кейін Кәрім Мәсімов қамауға алынып, оған бірқатар айып тағылды

 Халық үні 11.11.2022 | 17:28
Кәрім Мәсімов, фото @ Болат Шайхинов

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовте «Венгрия азаматтығы болған» деген мәліметті тексеру қажеттігін айтты.

«Бұл фактіні "Венгрия премьер-министрі Виктор Орбант растаған" деген ақпарат бар. Жоғары лауазым иелері – министрлер, вице-министрлер, құқық қорғау жүйесінің басшылығын "қос азаматтылық фактілері" бойынша тексеруден өткізу қажет. Жалпы, елімізде "қос азаматтыққа" қатысты жаппай тексеру өткізу өте маңызды. Бұл жөнінде ресми орындарға сауал жолдаймын», – деп жазды депутат.

Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған еді. Ал 6 қаңтарда ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылды.

ҰҚК бұрынғы басшысы бірнеше ай қамауда болып, 25 тамызда Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағаны хабарланды.

Жуырда БҰҰ адам құқығы кеңесінің жұмыс тобы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, қамаудағы Кәрім Мәсімовті ұстау кезінде халықаралық нормалар бұзылғанын мәлімдеді. Сол кезде де Кәрім Мәсімовтің тағдырына «алаңдаған» БҰҰ мәлімдемесіне Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жауап берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама