×

Кеншілердің жалақысы миллион теңгеден кем болмау керек – Марат Миргаязов

150 мың теңге жалақы алатын кеншілер де бар

 Ербол Тұрымбет 09.11.2022 | 09:50
Коллаж: Halyq Uni

Елімізде тәуелсіздік жылдарында шахталарда оннан астам апат болып, 160 жұмысшы қаза тапқан. Оның соңғысы 3 қараша күні Шахтинскіде тіркелді. Мамандардың айтуынша, оның себебі шахталардағы еңбек қауіпсіздігі төмен, құрылғылар ескі, ал жұмысшылардың құқына келгенде заң осал. Бұл олқылықтар түзелмесе қайғылы жайттардың бітпейтіні түсінікті. Ендеше көзге ұрып тұрған кемшіліктер неге сол күйі қалып отыр? Айыпты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы неге ел алдында жөндеп кешірім сұрамайды? Біз осы және өзге де жайтттарды «ҚазКөмірКәсіп» көміршілер салалық кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязовтан сұрап көрдік.  

10 ЖЫЛДЫҚ ӨТЕМАҚЫ ТЫМ АЗ

– Марат Вакифұлы, шахтада апат болып, қанша адам қаза тауып жатса да «АрселорМиттал Теміртау» ылғи ақша төлеп құтылады. Осы қаншалықты дұрыс? Неге мәселе жүйелі түрде шешілмейді?

– Жалпы, мәселені қалайда шешу керек. Еңбек туралы заңда өтемақы туралы ештеңе айтылмаған. Әйтеуір, біздің кәсіподақ компаниямен келісіп, шахташы қаза тапқан жағдайда 10 жылдық еңбекақы төлеуге келіскенбіз. Одан бөлек, баланы оқыту, несиесін төлеп беру – оның бәрімен өз алдына бөлек келісім жасасқанбыз. Бұл біздің шахташыларға қолымыздан келген теңіздің тамшысындай ғана көмегіміз.

Алайда біздің компанияға қазір айтып отырғанымыз басқа нәрсе. Неге тек он-ақ жылдық өтемақы төленеді? Айталық, кеше қаза тапқандардың бірі 1992 жылы туған. Ол он жылдан кейін шығып кетем деп ойлаған жоқ. Осы жерден зейнетке шығам деген есебі болды. Сондықтан сол зейнет жасына дейінгі аралықта қанша жыл қалса, соның бәріне төлету керек. Өйткені, ол азамат отбасы үшін жұмыс істеді. Сондықтан бұл мәселені қарастырса дейміз.

Оған қоса, осы өтемақының өзін барынша көбейтіп, компания үшін қайтыс болған адамға өтемақы төлегеннен гөрі, қаражатты жұмыстағы қауіпсіздікке жұмсаған тиімді болатындай ету керек. Және мұны кейінге шегере бермей, қазір шешу керек.

Ешкім де өлгісі келмейді. «Әкеміз шахтада өлді, біз өтемақы алдық» деп қарап отыратын ешкім жоқ. Жауыңа тілемейтін жағдай.

Оны компания да жақсы түсінеді. Бірер жыл бұрын ұжымдық келісімге қол қойғанда осы 10 жылдық өтемақыны алып тастау керек, өйткені бұл кей жұмысшыны шахтада өлуге итермелейді деген сандырақты да көрдік. Олармен келісім жасағанда талайын естисің.

Енді осы 10 жылдық өтемақының уақытын зейнет жасына дейінгі уақытқа өзгертуді жәй ұсыныс деп қалдырмай, парламентке жеткізіп, заңға енгізгіміз келеді. Себебі жұмыста қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайтын болса, онда кәсіпорын ашпау керек. Жұмысқа бару соғысқа аттанғандай болмау керек.

– Осындай апат кезінде ел қайғырып, президент көңіл айтып жатса да компанияның негізгі қожайыны бір төбе көрсетпейді. Неге Миттал бірінші болып ел алдына шығып, кешірім сұрамайды?

– Бәлкім, біздің солқылдақтығымыздан шығар. Енді қатаң шараға бару керек. Ендігәрі осындай бір олқылық болса, Қазақстанда әрі қарай жұмыс істей ме, істемей ме деген мәлесе көтеру керек.

Ал жаназаға келуге мәжбүрлеу, ол енді адамгеншілік тұрғыдағы мәселе. Ол өздігімен келгісі келмесе, оны мәжбүрлеп әкелгеннен не пайда?! Тіпті, мынадай мысал келтірейін. Жұма күні Ленин шахтасында комиссияда болғанымызда кәсіподақтар орталығының төрағасы Болат Жұмабеков бас директорға былтырғы Абай шахтасында қайғылы жағдай болғанда ешқайсысы келіп көңіл білдірмегенін айтты. Енді кеше өзі келіп, марқұмдардың туыстарына, әке-шешелеріне көңіл айтып жатыр.

КЕНШІЛЕР 800 МЕТР ТЕРЕҢДІКТЕ ЕСКІ ҚҰРЫЛҒЫЛАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮР

– Тәуелсіздік алғалы бері шахталарда 160 кенші қаза тауыпты. Бұл қашанғы жалғаса беруі керек? Неге жүйелі өзгеріс жасалмайды?

– Біріншіден, кеншілерге қауіпті болса, ол жерге ешкімді жұмысқа жібермеу керек. Өйткені, қазіргі шахташыларымыз істеп жатқан жердегі құрылғылар ешқандай заманға сай жетілдірілмеген.

Жалпы, қазір әлемде заманауи технологиялар мен қондырғылар әлдеқайда дамып кетті. Ал біз әлі күнге ескі құрылғылармен жүрміз. Бұрғыларымыз сол баяғы кеңес одағы заманынан қалған. Олар сол уақыттағы қазба жұмыстарына арналды. Ал шахталарымыз одан сайын тереңдеп барады. Орта есеппен, 400-500 метр тереңдікте жұмыс істейді, кей жерде 700-800 метрге дейін барады. Қазіргі таулы-биологиялық сипаттары мүлде басқа. Сондықтан бұрғылар да, шахташылардың қорғаныс жүйесі де басқа болуы керек.

Компания тарапы қауіпсіздікпен айналысып жатырмыз деп айта береді. Бірақ, олардың жұмсап жатқаны жеткіліксіз. Соның дәлелі міне, тағы да бірнеше адамнан айрылдық.

Кейде қауіпсіздік мақсатына арналған қаражаттың бір бөлігін артынан басқа бағытқа бұрып жіберетіндері де болады. Осындайды доғару керек. Сондайды болдырмас үшін осы шахташылардың қауіпсіздігі саласында жұмысшылардың өкілі үнемі қатысып, жіті бақылап отыру керек.

– Кеншілердің жарылыстардан кейін бізде үлкен наразылықтар болды. Бірақ оның арты жүйелі реттеудің орнына, белсенді азаматтарды жұмыстан шығаруға ұласып кетті деген пікірлер айтылады. Келісесіз бе?

– Ол рас. Біз мысалы, салалық кәсіподақпыз. Бізді қойып, «ВАСС» Көмірді» алайық («Көмір» кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі – ред.). Оларда да кәсіподақ құрылып еді, кейін бізге келіп қосылды. Өйткені олардың әрекеті басшыларына жақпады. Араларындағы белсенді азамат бар еді, оны да сидырмады. Бұлар бізге келіп қосылғаннан кейін «ВАСС» Көмір» өздері кәсіподақ құрып алды. Оған әлгі белсенді азаматты кіргізбейді. Өйткені ол жалақыны көтеруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етеді. Сол табандылықтың арқасында 150 мың жалақылары 250 мың теңгеге көтерілді. Онымен тоқтап қалмайтыны да түсінікті. Себебі көтеретін мәселе жетерлік. Сондықтан «ВАСС» Көмір» оны жұмыстан шығарып жіберудің бар амалын жасайды.

Бұрын «Қорғау» кәсіподағының төрағасы болған кезімде ұжымдық келісімшартымыздан компания біраз жерін алып тастағысы келді. Жалақымызды төмендетпек болды. Біз ешқайсына келіспедік. Сосын компания өз бетінше «Бірлік» деп кәсіподақ құрып еді, кеншілер оған қосылмай қойды. Бұл «АрселорМитталТеміртаудағы» жағдай ғана емес, бүкіл жерде осылай. Жасыратын несі бар, компания өзі кәсіподақ құрады да ыңғайына келтіріп алып жұмыс істей береді. Ал біз сияқты нағыз шахташылардың ұйымы бәріне мәлім. Бізге шахта, қауіпсіз жұмыс, жақсы жалақы болса жеткілікті, соны ғана талап етеміз.

КЕНШІЛЕР 150 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

– Көмір қазушылар қанша алады?

– Ең үлкен санаттағылардың өзі 500-600 мың теңге шамасында алады. Оның өзінде демалыс күндері де жұмыс істеп жүріп жетеді. Негізінде шахташылардың табысы одан әлдеқайда жоғары, біздің ойымызша, кем дегенде орташа жалақы миллион теңге болуы керек. Өйткені, бұл ауыр, қауіпті әрі зиянды жұмыс. Осы үш ауыртпалықты да көтеретін еңбек түрі.

– Компания жоғары технологиялы жабдықтар орнатудың орнына әлеуметтік міндеттемелер жүрмейтін мердігер компанияларды жалдауға көшті деген пікір бар...

– Бұл туралы да айтып жүрміз. Бұл компанияға өте тиімді. Оларға ұжымдық келісімшарт талаптары жүрмейді. Мысалы, штаттағы шахташы 500 мың алатын болса, олар мердігермен келіседі де соның жұмысшысына 150 мың теңге төлеп отыра береді. Оның үстіне, сауықтыруға жолдама, балалар лагері деген секілді жеңілдіктер де жоқ. Компания үшін қаншама үнем. Сосын бір адам жұмыста қаза тапса, ол компания басын ауыртпайды, мердігердің жұмысшысы болып шыға келеді.

– Жалпыға мәлім жағдай болса, неге осыған жол беріліп отыр?

– Біздің кәсіподақ алғашқылардың бірі болып, жалдамалы еңбек туралы заң керектігін көтердік. Ол бүгінде қабылданды да. Әйтсе де оны әлі жетілдіру керек. Өйткені, компаниялар үшін әлі де заңды айналып өтетін жолдары бар. Ал бұл заң жоқ кезде қожайын білгенін істейтін. Ал енді сол олқылықтарын толықтыру үшін депутаттарға шығып жатырмыз.

ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАМАНДАР ҒАНА ТАРТЫЛАДЫ

– Он күндік тексерістен соң қатаң шара қолданылатыны айтылды. Сіздің ойыңызша, нақты не істелу керек?

– Бұл нені білдіретінін дұрыс түсінбеймін. Алдымен тексеріс немен бітерін күтейік. Әрдайым осындай трагедиядан кейін осындай тексерістер болады да сол айтылған «қатаң шаралар» қабылданады. Ол шаралары да тек біздің қазақстандықтарға ғана қолданылады. Бізді сол таңғалдырады. Бұрын 2006 жылы да тек қазақстандықтар ғана жауапкершілікке тартылғанда біздің кәсіподақ оларды қорғап қалуға тырысты.

Өкінішке қарай, бізде қазір мынадай жағдай қалыптасқан. Өзіміздің мамандар тек өндіріспен ғана айналысады. Ал қаражатты бөліп отыратындар – өндіріске қатысы жоқ, тек сырттан келетіндер.

Қазір бұл компанияны қуу керек деп жатқандарға таңғалам. Ал жәрайды, орнына басқа компания келсін делік. Жаңа компанияны қауіпсіздікке ақша құюға мәжбүрлейміз. Оның есесіне, қазір пәлен жылдан бері пайда тапқан компаниядан сол қаражатты өндіріп алған дұрыс емес пе?!

– Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев бір сөзінде Еуропада жұмысшы жұмыс барысында жарақат алса, кінә 100% жұмыс берушіге артылатынын айтыпты. Сол тәртіп неге бізде де орнамайды?

– Осы мәселені осыған дейін кезіндегі Мәдина Әбілқасымовадан бастап қатарынан үш министрде болып, шеше алмадық. Еңбек жағдайында ешқандай ала-құлалық болмау керек. Айып толығымен, яғни 100% жұмыс берушіге артылуы керек. Сосын артынан компания сотта өзінің кінәсіз екенін, қауіпсіздікке барынша жағдай жасағанын айтып дәлелдей берсін. Тек осыны біз сөз жүзінде қалмай, заңға енгізілсін деп едік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бірінен кейін бірі келген үш министр де сол заң енгізілетінін айтып, уәде берген. Сол әлі күнге орындалмады. Қазіргі заңда тіпті, бір жерінде жауапкершілік жұмысшыға түсетіні жазылған. Біз бұны бәрібір аяқсыз қалдырмаймыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама