×

Археолог Маңғыстауда табылған көне зиратты мемлекет қорғауына алуды сұрады

Тарихи орын Ақтау қаласынан жүз шақырым жерде орналасқан

 Халық үні 02.11.2022 | 16:57
Фото: mangystaumedia.kz

Маңғыстау облысында қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген археолог аймақта табылған көне зиратқа қатысты мәселені көтерді.

Маңғыстау ауданына қарасты Жыңғылды ауылында үш жыл бұрын су құбыры үшін техникамен жерді қазу барысында 16 ғасыр бұрын жерленген адамдардың сүйегі табылған. Археолог Андрей Астафьев бұл зират толығымен мемлекет қорғауына алынуға тиіс деп санайды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Шамамен 4-5 ғасырларда жерленген адамдар қабірі бүтін күйінде сақталған. Алайда адам сүйектерінің көбі үгітіліп кеткен.

«2019 жылы Жыңғылды ауылында ерте замандағы қабір табылғанан кейін бұл жерде археологиялық апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу туралы мәселені көтердік. Оған бюджеттен ақша қарастырылды. Біз де бірден іске кірістік. Біршама уақыт бойы зерттеу жүргізген соң жасаған ғылыми есебімізді Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығына жолдадық. Біз бұл қабірді көне мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына өткізуді көздеп отырмыз», - дейді Андрей Астафьев.

Маңғыстау облысында қазба жұмыстарын жүргізіп, көптеген тарихи орынды тапқан археолог мұндай жер қараусыз қалмауы керек деп санайды. Қазір Жыңғылды ауылының маңында қазылған су құбырының бағыты өзгеріп, құрылыс жұмыстары қабір табылған жерден алыстау жерге салына бастаған.

Айта кетері, 16 ғасыр бұрын адамдар жерленген жердің аумағы 50 шаршы метрге жуық жерді алып жатыр. Мұндағы қабірдің іші үңгір секілді. Бұл жерден сегіз адамның сүйегі табылған.

«Ауыл маңында орналасқан зираттың кіреберіс дәлізі бар. Содан кейін мүрдені қоятын орын үшін үңгір секілді жер қазылған. Адам сол жерге жерленген. Сондай-ақ тірі кезінде пайдаланған болуы мүмкін түрлі қыш ыдыс, моншақ, зергерлік бұйымдар, пышақ, құрбандыққа шалынған жануарлар сүйегі мен бір қанжар табылды. Сол заманға тиесілі мұндай бұйымдар – Маңғыстау өңіріндегі қазба жұмыстары кезінде табылған сирек кездесетін жәдігерлер. Жерленген адамдар ерте заманда Маңғыстауда отырықшы өмір сүрген тайпаның өкілдері болуы мүмкін», - дейді археолог.

Археолог зират маңына жақын жерде салынып жатқан құбыр жолына қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі су құбырын тарту үшін салынған жаңа желі көне зиратқа зиян болуы әбден мүмкін.

«Бұл аумаққа жауапты қорық басшылығына осы жағдай туралы егжей-тегжейлі толық ақпарат берілді. Бұл аумақта жерге қатысты заңнама талаптары өрескел бұзылған. Бізде «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» заң бар екені баршаға белгілі. Соны құрылыс кезінде ескерсе дейміз. Себебі археологиялық сараптаманың қорытындысы шықпай, құрылыс жұмыстары жүргізілмеуі керек», - дейді археолог Андрей Астафьев.

Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының мамандары осы жағдайға қатысты тиісті жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді.

«Таяуда «Маңғыстау тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесіне археолог Андрей Астафьев «Жыңғылды» тарихи-мәдени ескерткішінде жүргізілген заңсыз құрылыс жұмыстары туралы хабарлады. Осыдан кейін қорық мамандары ескерткіш басына барып, орын алған заңбұзушылықтар бойынша акт жасады. Сонымен қатар Маңғыстау ауданы әкімдігіне құрылысты тоқтата тұру және нысанда жүргізілген археологиялық сараптама қорытындысын ұсыну қажет екені туралы хат жолданды. Ал әкімдік тарапынан аталған сараптаманың жүргізілмегені және қорытындының жоқ екені туралы жауап хат келді», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы.

Мамандардың айтуынша, Жер кодексінің 127-бабында «жер учаскелері бөлінгенге дейін аумақтарды игеру кезінде ҚР заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізілуге тиіс» деп жазылған.

«Заңбұзушылықтар дерегі бойынша мәдениет басқармасы тарапынан Маңғыстау аудандық прокуратурасына және Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына осы олқылықтарды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажет екені айтылған хат жолданды», - деп хабарлады басқарма.

Айта кетері, көне қабір Ақтау қаласынан жүз шақырым жерде орналасқан.

Мәдина Керімқұл, Маңғыстау облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама